Үйінің қасынан көл жасап, агротуризмді дамытып отырған балықшы

Үйінің қасынан көл жасап, агротуризмді дамытып отырған балықшы
фото: https://turkystan.kz/

Тараз қаласынан он шақырым жерде орналасқан Шайқорық ауылының тұрғыны Әбдірахим Қуанышбаевтың балық шаруашылығымен ай­налысқанына он жылдан асқан. Балық өсірудің бабын тап­қан шаруа үйінің жанынан көл жасап алыпты. Мұны­мен қоса, балық өсіретін инкубациялық цех ашқан. Осы­­­лайша, бақытын еңбектен тапқан ол кәсібін дөң­гелетіп, сегіз адамды жұмыспен қамтып отыр. «Алтын бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Әбдірахим Қуа­ныш­баевтың мақсаты – агротуристік кешен салу. Қазір сол мақсатына қарай нық қадам басып, қолынан келгенше әрекет етіп келеді. Кәсібін ашар ал­дында біраз елге барып, кімнің немен айналысып жатқанын зерттеп көріпті. Сөйтіп, адамдардың балыққа деген қызығушылығы ерекше екенін байқаған. Осыдан кейін көп ойланбастан үйінің жанындағы 4 жа­рым гектар жерді қазып, көл жасап, ішіне майда балықтарды жі­береді. Міне, содан бері оның шаруа қожалығына балық аулауға құмар жан­дар келе бастаған. Оларға шектеу де қоймайды. Әрине, бұл істі бірден бастап кету оңай емес. Суасты тіршілік иесін өсіру­ге кіріскен ауыл тұрғынының кәсібін дамытуға қаржы керек бо­лад­ы. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясына жүгініпті.  width=

«Біраз елге бардық. Қытайға, сосын Америкаға барып осы саладағы жоба бойынша ұйымдастырылған конкурсты ұтып алдық. Сөйтіп, сол жақ­та оқыдық. Барған жерімде жан-жағыма қарап, қандай кәсіп тиімді еке­нін зерттеп жүрдім. Сонда байқағаным, барлық жерде балыққа құ­мар адам көп екен. Олар бәрін тастап, балыққа келеді. Балық аулау адам­ға керемет демалыс сыйлайды екен», – дейді Әбдірахим Қуаныш­баев.

Майда шабақтың толық өсіп-жетілуіне екі-үш жылдай кетеді. Кәсіп иесі осынша уақыт бойы суда тіршілік ететін жануардың жемін беріп, күті­мін жасап, өсіреді. Сосын сатылымға шығарады. бір қуанарлығы, сұра­ныс та, одан түсетін табыс та жаман емес. Ең бастысы, ерінбей ең­бек ете білсең болғаны.

«Балықты жақсы бағып, уақытылы жемін беріп отырса, екі жылда 10-12 см өседі. Шымкентте жем шығаратын комбинат бар. Жемін сол жақ­тан аламын. Негізі, бізге көтерме бағамен сатқан ыңғайлы», – дейді шаруа.

Кәсіпкер бұрын балық дернәсілін сатып алса, қазір инкубациялық цех ашып, өзі шығарып жатыр. Сол жерде табиғи жолмен көбейтеді. Цех­та әзірге төрт адам жұмыс істейді. Оның екеуі – ихтиолог. Олар балықтың өсіп-жетілу процесін жақсы меңгерген. Жалпы, шабақ тауар­лы өнімге айналғанша 6 айға дейін уақыт керек екен.

«Дернәсілді көлге апарып саламыз. Оны күзге дейін өсіреміз. Биыл Польшадан бақтақ балығының уылдырығын әкелдік. Қазір арнайы тоғандарда 3 миллион шабақ өсіріліп жатыр. Бізде үш түрлі балық бар», – дейді ол.

 width= Кәсібінің қыр-сырын бөліскен кәсіпкер осы салада шешімін тап­пай жүрген өзекті мәселелер туралы да сөз қозғады. Айтуынша, кәсіп­керлерге Үкіметтен көмек болса, еліміздегі туризмді дамытып, шет­елдік туристердің өзі қызыға қарайтындай көрнекті орындар салуға болады.

«Үкіметтен көмек болса дейміз. Несие алып, шапқылап, өзіміз тыр­ба­нып тіршілік етіп жатқан жайымыз бар. Мысалы, жақында «Жарық тар­тып береміз, жобаңды жасай бер» деген соң соны жасаймын деп жүгі­ріп, 2 млн теңге қаражатым кетті. Бәрін апарып тапсырып едім, «Бол­ды, жылдың аяғында қаржы бөліп, істеп береді» деген. Өкінішке қа­рай, бәрі құр сөз күйінде қалды, ештеңе істеген жоқ. Әкім орын­басарына барып, жағдайды айттым. Бірақ еш нәтиже болмай тұр. Жа­рық болмаса, инкубациялық цехтың біреуі де істемейді. Жұмыстың бәрі жарықпен атқарылады», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.

Бүгінде «Алтын бұлақ» шаруа қожалығына балық аулап, демалуға келе­тін адам қарасы аз емес. Әсіресе, жазғы уақытта жұрт көп келеді екен. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің ендігі мақ­саты – агротуристік кешен салу. Ол еліміздегі туризмді дамытуға мүм­кін­дігіміз мол екенін айтады. «Тек қолда бар мүмкіндікті орнымен қол­дана білу керек» дейді. Қызу тіршілікке кіріскен кәсіпкер агро­туристік кешеннің құрылысын бастап та кетіпті.

«Біздің қазір тұрып жатқан жеріміз Жібек жолының орталығы бол­ған. Тура сол жолдың үстінде тұрмыз. Ата-бабамыздың жолын жал­ғап, осы жерден кешен салсам деген ой келді. Қазір біраз тірлігін бастап қой­дым. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көрінісі көз тартатын киіз үй қалашығын салу жоспарда бар. Халқымызда отау құрған екі жасты жыл­қыға мінгізіп, үлкендер ақ батасын берген емес пе?! Осы дүниені жаң­ғыртуды ойлап жатырмыз. Біз салып жатқан демалыс кешенінде жас­тарды жылқыға мінгізіп, киіз үйге кіргізсек дейміз. Көлдің үстінен екі қабатты кафе салып жатырмыз. Соның ішінде өзге де рәсімдер өт­кізуге болады. Ары қарай қайықпен жүзеді. Жалпы, келушілер жақсы де­ма­латын көрнекті орын салу үшін қолымыздан келгенін істеп жа­тырмыз. Жақында Президент Қатармен келісімге отырды ғой. Сонда бірнеше құжатқа қол қойды. Соның ішінде туризм де бар. Еліміздегі туризмді дамытуға үлесімді қосқым келеді. Ел астанасына барып, істеп жатқан жұмысымды көрсетсем деймін», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.

Turkistan.kz