"Ұялмайсыздар ма?": Кеген ауданындағы жолшылардың жұмысы әкімдік тарапынан сынға қалды

"Ұялмайсыздар ма?": Кеген ауданындағы жолшылардың жұмысы әкімдік тарапынан сынға қалды
фото: https://pixabay.com/ru/

Республикалық маңызы бар "Көкпек – Кеген – Түп" автожолының 53-68 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2021 жылы техникалық құжаттамасы әзірленіп, жобаның сметалық құны 834 млн теңге болған. Ашық конкурс барысында "Искер-Т" ЖШС мердігерлік ұйымы конкурстық жеңілдік беру арқылы 682 млн теңгеге жұмыстарды орындауға өз міндеттемелерін алған. Жобаны 2022 жылдың 30 маусымда аяқтау керек болған.

"Алайда, мердігерлік ұйым өз міндеттемелерін сапасыз жасап, жұмыстарды аяқтау мерзімінен кешіктірген. Сол себепті 2022 жылдың 01 шілдесінде бір жақты шарт үзіліп, "ҚазАвтоЖол" АҚ" ҰК Алматы облыстық филиалы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді", - дейді аудандық әкімдік.

Бір жақты шарт үзілгенге дейін, "Искер Т" ЖШС мердігерлік ұйым автожолдың 5 шақырымын жасаған. Сот шешімімен "Искер-Т" ЖШС мердігерлік ұйымы жозықсыз танылып, мердігер ұйымы атқарған жол жөндеу жұмыстарынан анықталған барлық ақауларды жоюға міндеттелген.

"Құрылыс маусымының аяқталу шегі жақын болғандықтан, жол жүріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау мақсатында 2022 жылдың 7 қыркүйегінде "РСУ-1" ЖШС мердігерлік ұйымымен шарты жасалып, сметалық-құжаттамада қарастырылған қалдық көлемдегі жұмыстарды орындауға өз міндеттемелерін алған", - дейді ведомстводағылар.

Алайда, бүгінгі күні, орташа жөндеу жобасында толық негіз құрылғысын ауыстыру қарастырылмауына және ірі жүк көліктерінің Алматы қаласынан Кеген және Райымбек аудандарына материалдар және түрлі тауарлар тасымалдауына байланысты, аталған учаскеде жол бұзылған.

"Дегенмен, қазіргі таңда, "РСУ-1" ЖШС мердігерлік ұйымы, кепілдік мерзімдегі өз міндеттемелеріне сай, өз қаражаты есебінен анықталған иірім түріндегі ақауларды жою және жол жабынын қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Ақауларды жою мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарланған", - дейді Кеген аудандық әкімдігінің мамандары.

ҚазАқпарат