Түркиядағы «Қорқыт Ата» кинофестивалінде қазақстандықтар үш жүлде алды

Түркиядағы «Қорқыт Ата» кинофестивалінде қазақстандықтар үш жүлде алды

       “Қорқыт Ата” кинофестивалі өз мәресіне жетті.

       Түркияның Бурса қаласында өткен бұл додада қазақстандықтардың да асығы алшысынан түсіп, үш бірдей жүлдеге қол жеткізді.

       Түркі дүниесінің мәдени астанасында “Қорқыт Ата” сыйлығы табысталды. Осымен екінші мәрте өткен жиында түркі тілдес елдер арасында киноиндустрияның үздік актерлері марапатталып, туындылары бәйге алды.

       Бес күн бойы көрермен жан-жақтан келген жауһар дүниелерді тамашалады. 17 елдің майталмандары арасынан отандық үш туындымыз жүлдеге ілікті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер Қанат Төребай Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін марапатталды.

       Қатысушылар үш бағытта сынға түсті. Деректі фильм жанрында отандасымыз Айгүл Черендинова “Еуразия билеушілері” туындысымен екінші орынды иемденсе, Қайрат Кемалов “Ақ боз үй” фильміндегі "Үздік ер адам бейнесі үшін" жүлдегер атанды.

       Көне Бурса шаһарының көрермендері қазақтың «Дос-Мұқасан» көркем фильмі, «Мұқағали» өмірбаяндық драмасы, «Ұлы Дала Таңы» және «Ақ боз үй» тарихи фильмі, «Еуразия билеушілері» деректі фильмі, «Мұзбалақ» анимациялық картинасы және Қазақстан мен Татарстан бірлесіп шығарған «Тарлан» картинасын түрік тілінде тамашалады. Халықаралық іс-шара, келесі жылы Әзірбайданның Шуша қаласында ұйымдастырылады.

       Ақпарат дереккөзі