Түркістан облысының диқандары мақтаны жаңа тәсілмен егіп жатыр

Түркістан облысының диқандары мақтаны жаңа тәсілмен егіп жатыр
фото: Бақ кз

Түркістан облысында мақтаны химиялық тыңайтқыштарсыз егу жобасы қолға алынды. Өңірдегі агроөнеркәсіп саласын дамытуға арналған бастаманы облыстық Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырды. Мамандар Ордабасы ауданындағы мақта шаруашылығында өткен семинарда диқандарға жаңа жобаның ерекшелігін таныстырды. Пилоттық жоба Төрткүл ауылындағы шаруашылының егіс алқабында іске асырылып отыр.

Тәжірибе ретінде 60 гектар аумаққа мақтаның Түркиялық сорты егілген. "Жер емем десең, жерге жақ" демекші, бұл жолы мамандар тұқымға емес, жерге мән бергендерін айтады. Мүлде химиялық тыңайтқыш қолданбаған. Есесіне агротехникалық жұмыстарды жүйелеп, топырақты емдейтін органиялық минералдар берген. Нәтижесінде мақтаның бір түбі 70-80 қауашақ байлап, өнімділік 2-3 есеге артқан. Диқан осы уақытқа дейін мақта алқабына үш рет органикалық тыңайтқыш сепкен. Оған бар болғаны 20 мың теңге жұмсаған. Ал бұрын целитраның тоннасын 180 мың теңгеден сатып алатын.

"Мысалы біз целитра берсек, соның 20-30 пайызын ғана дақыл алады екен де қалғаны жерде қалады екен. Органикалық тыңайтқыш сол жерде қалған зиянды қалдықты өңдеп, егіске сіңдіреді екен. Су жетіспейді ғой, суға төзімді. Сосын күн ыстықта үстіңгі шанақтары күйіп түсіп қалатын. Оны түсірмей бәрін бойында ұстап тұрады. Нәтижесінде өнімділігі анаған қарағанда жоғары береді екен", - дейді , шаруашылық басшысы Мейірхан Батырбеков.

Қазір шаруа мақтаның әр гектарынан 60 центнерге дейін өнім алуда. Бұрынғыға қарағанда шығыны азайып, мақтаның сапасы да артқан. Семинарда ғалымдар шаруаларға өнімділіктің жылдан-жылға төмендеп бара жатуының себебін түсіндірді. Олардың айтуынша, қазір жерді игеру мәдениеті төмендеп кеткен. Яғни, ауыспалы егіс жүйесі болмағандықтан топырақтың құнары азайып, егіс егуге жарамай қалды.

"Ауыспалы егіс жүйесі сақталмағандықтан бір дақылды еге берудің арқасында дақылдың өнімділігі азайып кетті. Соны шешу мақсатында химиялық тыңайтқыштардан мүлдем бас тартып, органикалық негізге көштік. Сол технологиямен, сол жүйемен осы мақта егілді. Біз оған органикалық тыңайтқыштарды қолдандық. Мақтаның өз зиянкестері бар, онымен күресуде де биогрганикалық жүйеде жұмыс істедік. Біз химиядан мүлдем бас тарттық", - дейді кәсіпкерлер палатасының орталық жетекшісі Нұрлыбек Боранбаев.

Мамандар 3-4-ші санаттағы мақтаға сұраныс жоғары екенін айтады. Әсіресе, тоқыма өнеркәсібі үшін таптырмайтын шикізат көзі. "Ал қазіргі шаруалардың өндіріп жатқаны 5-ші санаттағы мақта. Сондықтан оның бағасы да, сапасы төмен", - дейді мамандар. Содан ғалымдар жаңа жобаны тек мақта шаруашылығында ғана емес, ауыл шаруашылығының басқа да салаларына енгізуді көздеп отыр.

ҚазАқпарат