Түркістан облысының төтенше жағдай департаменті қызметкерлері екі аудандағы су тасқыны салдарын жоюда.
"Хабар 24" арнасының мәліметінше, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жерасты суы көтеріліп, деңгейінен асқан су үйлерге кірген.
Арна тілшілерінің айтуынша, Жетісай ауданында бірқатар тұрғын үй мен қора-қопсыны су басқан. Мұндағы тұрғындар аулаға резеңке етік киіп шығады екен. Ал суды өздігінен ағызуға шамалары жетпейтін көрінеді.
Ауданда арнайы штаб құрылған. Төтенше жағдай бөлімінің мамандары жергілікті коммуналдық және су шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы техникалармен аулалардағы суды тазартып жатыр.
Мамандардың айтуынша, Жетісай ауданында 36, Мақтаарал ауданында 12 үйге су кірген. Ал суды ағызуға 44 мотопомпа, 119 адам жұмылдырылған. Мотопомпалардың көмегімен ондаған ауладан 2,5 мың текше метр су сорылды.
Еске сала кетейік, жақында Түркістан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланған еді. Синоптиктер қатты жаңбыр жауады деген болжам жасаған болатын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через