фото: ашық көздерден
Жүктілік - әйел өміріндегі ерекше кезең. Бұл кезде денсаулыққа ерекше назар аударған жөн. Бұл туралы Алматы қалалық №2 перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Гүлнар Күренова айтып берді.
Дәрігердің сөзінше жүкті әйел жіті респираторлық аурулардың бірі – тұмаумен ауруы мүмкін.
"Тұмау әйелдің жүктілік кезінде нәрестенің денсаулығына жағымсыз әсер етеді. Болашақ ана демікпе не қант диабеті сияқты созылмалы аурулармен ауырса, тұмау кезінде оның денсаулығының асқыну қаупі жоғары. Тұмау мерзімінен бұрын босануға, гестациялық қант диабетіне, пневмонияға, өкпенің қабынуына және басқа да асқынуға әкелуі ықтимал. Сонымен қатар, тұмау анадан балаға жатырда берілуі мүмкін, бұл ұрықта қағанақ суының аздығы, гипотрофия және мерзімінен бұрын босану сияқты асқыну қаупіне әкеледі", - дейді дәрігер.
Жаңа туған нәрестеге тұмау тисе, пневмония, иммунитеттің төмендеуі сияқты ауыр асқынуға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Болашақ анада инфекцияны болдырмау және тұмауды уақтылы емдеу аурудың ұрыққа жұқтыру қаупін төмендете түседі.
"Тұмаудың алдын алу әдістерінің бірі - тұмауға қарсы екпе көмектеседі. Ол жүкті әйелді тұмаудан және оның асқынуынан қорғаудың тиімді әдістердің бірі. Вакцина ана мен балаға иммунитетті қамтамасыз етеді және жүктілік кезінде қауіпсіз болады. Дегенмен, екпе жасамас бұрын мұны дәрігермен талқылап, кеңес алу керек», – деді Гүлнар Күренова.
Дәрігер тұмаудың алғашқы белгілерінде-ақ дереу дәрігермен кеңесіп, тұмауды дер кезінде емдеуге кеңес береді, бұл ұрықтың ауруды жұқтыру қаупін төмендете түседі.
"Жүкті әйел тұмау инфекциясының алдын алу үшін барлық сақтық шараны қабылдау керек. Бұған қолды үнемі жуу, ауру адамдармен жақын араласпау, бетперде кию, адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу, таза ауада көп болу және дұрыс тамақтану кіреді", - деп атап өтті акушер-гинекологы Гүлнар Күренова.
Дереккөз inform.kz. Фото triptonkosti.ru.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через