Теңге құлдырап кетті

Теңге құлдырап кетті

       Алтын құймалары мен инвестициялық монеталар - тартымды құрал

       Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан әлемдегі геосаяси жағдай ушығып, рубль қатты құнсызданды. Сыртқы сауда-саттығының тең жартысына жуығы Ресеймен байланысты Қазақстанның теңгесі рубльдің ізін ала құлдырап кетті. Қазір теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы геосаяси қауіп салдарынан үлкен қысымға тап болды. Халық банктер мен ақша айырбастау орындарынан доллар сатып алуға асықты. KASE биржасындағы USD/KZT бағамы 500-ден асты. Осындай құбылмалы кезеңде қаржыңызды сақтаудың балама және тартымды нұсқаларына назар аударған жөн. Сөз ҚР Ұлттық Банкінің алтын құймалары мен инвестициялық монеталарын сатып алу туралы болмақ.

       ҚР ҰБ ресми сайтында ай сайын халыққа қанша алтын құймасы сатылғаны жайлы ақпарат жарияланады. Алтын – бұл дәстүрлі тұрақты актив саналып, кейде инфляцияның өсуі мен валюта бағамының әлсіреуіне қарсы хедж ретінде қолданылады, геосаяси жағдай мазасыз болып тұрған кезде негізгі қаржы құралы болып табылады. Бұл дегеніміз, алтынға инвестиция салу арқылы қаржыңызды «қатты валютада» сақтап қана қоймай, құнының өсуінен де пайда көресіз.

       Мысалы, 2021 жылы ел тұрғындары екінші деңгейлі банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 1,1 тонна (шамамен $70 млн немесе 30 млрд теңге алтын құймасын сатып алған, бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 24%-ға артық. Алтынның долларлық құны жыл басынан бері 7,38%-ға өсті.

       Ұлттық банк 2017 жылы тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларын халыққа сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама басталғалы бері халық 2,78 тонна алтын құймасын сатып алды. Сіз алтынды кез-келген банктен, сондай-ақ жеке айырбастау пункттерінен сатып ала аласыз.

       Өз жинағыңызды сақтаудың тағы бір нұсқасы – ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық монеталарын сатып алу. Инвестициялық монеталар жоғары сынамалы бағалы металдардан (алтын мен күміс) дайындалады және қаражат сақтау мен көбейтуге арналған. Олардың кірістілігі монета жасалған металдың құны мен салмағына байланысты.

       Осылайша, жинақтарды қорғаудың ақшаны тек валютада сақтау ғана емес, қарізі жағдайда өсім көрсететін балама нұсқалары бар.