Темір көпір тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр

Темір көпір тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр
фото: https://turkystan.kz

Темір көпір тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Темір көпір ауылының тұрғындары үш күннен бері балаларын сабаққа жібермей отыр.

«Өйткені ауыл мектебі апатты жағдайда. Бұрын вокзал болған ескі ғимаратта бала оқыту қауіпті» дейді тұрғындар.

«Балаларымыз қазір мектепке бармай жатыр. Аудандық білім бөлімі онлайн оқытуға рұқсат етпей, оқушыларды уақытша басқа жерде оқытпақ. Ол үшін ауылдағы ескі үйді сатып алған. Оның қазіргі мектептен еш артықшылығы жоқ. Тар, ішіне тек 3 парта сияды», – дейді Темір көпір бекетінің тұрғыны Тюльпан Дүйшебаева.

«Ауылда санақ жүргіздік. Мектеп жасындағы 98 бала бар екен. Оның 28-і ауылдағы бастауыш мектебінде оқиды. Қалғаны көрші ауылдағы интернат пен аудан орталығындағы, қаладағы туыстарының үйінде жатып, білім алуға мәжбүр. Біздің ауылда мектеп салу үшін қанша бала болуы керек? Аудандық шенеуніктер 5 жыл бұрын 60 орындық мектеп саламыз деп кеткен. Әлі күтіп жүрміз», – дейді тағы бір тұрғын Гүлмира Төлегенова.

Уәде етілген мектеп жайын сұрау үшін теміркөпірліктер алыстан ат артып, облыстық әкімдікке келді. Әкім Оңдасын Оразалинмен кездесуді талап етті. Бірақ, жұрт алдына оның орынбасары Бұлбұл Елеусінова шықты. Ол Темір көпір ауылында жаңа мектеп құрылысы күзде басталуы мүмкін екенін айтты.

«Қазір мектептің жобалық сметасын түзетіп жатырмыз. Құжатты қолға алғаннан кейін облыстық бюджеттен ақша сұраймыз. Ол мәселе болмайды, қаражатты бөлеміз. Құрылысын биыл жыл аяғына дейін бастайтын боламыз. Бірақ, қыркүйек айында қалай да балаларды оқумен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді әкімдік өкілі.

Әкімдіктегілер жаңа мектеп салынып болғанша, балалар қайда оқитынын шешіп қойған. Ауылдан 3 миллион теңгеге бос тұрған үйді сатып алған. Соны жөндеп бермек. Бірақ тұрғындар «әкімдік іргетасы жоқ, шатыры тесік ол үйді қалай сатып алған» деп аң-таң.

«Бізге ондай мектеп керек емес. Балаларымызды жібермейміз. Келесі аптадан бастап интернаттың да балалары сабаққа баруды тоқтатады», – деді Темір көпір бекетінің тұрғыны Еламан Қапанов.

Бүгін Темір көпірге облыстық әкімдіктен арнайы комиссия аттанып кетті. Олар тұрғындар бала оқытудан бас тартып отырған мектептің жай-күйін қарап шықпақ.

Мәтіндегі ақпарат туралы