Текеліде мектеп директоры ағаштарды кестіріп тастағаны үшін тергеуге алынды

Текеліде мектеп директоры ағаштарды кестіріп тастағаны үшін тергеуге алынды
фото: https://sputnik.kz

Текеліде мектеп директоры ағаштарды кестіріп тастағаны үшін тергеуге алынды

Текелі қаласында мектеп ауласындағы қарағайларды кесу фактісі бойынша тергеу шаралары басталды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде мектеп ауласында кесілген ағаштардың видеосы тараған болатын.

Бейнежазба авторы 16 қарағайды кесіп тастауға мектеп әкімшілігі тапсырма берді дейді.

"1989 жылы бүкіл класпен осы қарағайларды отырғызғанбыз. Жап-жақсы ағаштар, енді ғана күш алып жатыр еді, алды да, кесіп тастады", - деп ашынды видео авторы.

Қала тұрғындары да наразылық білдірген. Ал желі қолданушылары мектеп басшылығының ақылға қонымсыз шешімін сынға алды.

Тексеріс кезінде ағаштың кесілгені расталды. Мектеп басшылығы да түсініктеме берді. Олардың айтуынша, қарағайлар қатты желдің салдарынан құлап кететін еді. Оған қоса, терезе арқылы күн көзін өткізбей тұрған. Сол себепті ата-аналар және қамқоршылық кеңесімен ақылдаса отырып, ағаштарды кесіп тастауға шешім қабылданды.

Жетісу облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция басқармасының бас инспекторы Бағлан Рымжановтың айтуынша, әкімдікте өткен қоғамдық кеңесте мектеп директорының әрекеті заңсыз деп танылды.

"Текелі полициясында Қылмыстық кодекстің 340-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Материалдық шығының көлемі 1 715 280 теңгені құрап отыр", - дейді Рымжанов.

Департамент басшылығы қоғамдық резонанс туғызған істі тергеу шараларын жеке бақылауына алды.

Айта кетері, 340-бапта 160 айлық есептiк көрсеткiшке (508 800 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Мәтіндегі ақпарат туралы