Театр тасасындағы таланттар...

Театр тасасындағы таланттар...

       Біз көрермен театрға барғанда  перденің ар жағынан сиқыр күтеміз.  Сахна пердесі ашылған сәттен-ақ, күнделікті күйбің тіршіліктен өзге, шоқтығы биік өмірге қалықтай   ұша жөнелеміз. Ол – сахнаны сан алуан декорацияларымен жұмбақтандыра түсетін сценографиялық шешім!..

       Сіз байқайсыз ба,  кез келген театрға спектакль тамашалауға барғаныңызда, театрдағы қойылым біткеннен кейін марапат та, мақтау да ең алдымен режиссерге, одан кейін әртістерге айтылып жатады.  Көрермен қошеметіне бөленеді.  Ал, сахна кеңістігін қойылым ауқымына қатысты түрлендіріп, оның ырғағы мен мәнін арттырып, көрермен көңіліне жол табуына атсалысқан сахна сыртындағы алтын қолды шеберлер  көбіне назардан тыс қалып қойып жатады. Сол сіз бен біз тамашалаған спектакльдің есте қалатын  жарқын көріністері, сол   қоюшы-суретшінің еңбегінің нәтижесі екенін аңғармай жатамыз. Тіпті  сахна безендірушісі деген арнайы маман иесі сол спектакльге ат салысқанын ескермеймейміз көп жағдайда. Сондықтан бүгін біз режиссермен бір қатарда жұмыс жасаса да,  ылғи ол жандардың жұмысы  көлеңкеде қалып қоятын мамандық иесімен сұхбаттасатын  боламыз.

            

     Қазақ театры сценографтарына байланысты көптен бері ойларында  жүрген қордаланған мәселелердің бар екендігін естіп-білдік. Болашақта зейнетінен бейнеті көп бұл мамандықпен айналысатын жастардың болмай қалу қаупі тұрғанын, сценографтарға  үлкен қамқорлықтар қажет екенін, жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектерге кейін облыстарға жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету жағын Мәдениет және Спорт министрлігінен бастап, облыс әкімдігі, қала берді  театр басшылары ат салысқандары жөн. Қоюшы-суретшілер театрдың бір бөлшегі. Оның қоғамдағы рөлі  -- актерлерден, режиссерлерден, драматургтерден еш кем емес.