Тауарлы сүт фермаларын салатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріле бастады

Тауарлы сүт фермаларын салатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріле бастады
фото: © РИА Новости

Үкіметте өткен кезекті кеңесте Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі үлкен жобаның іске асырылу барысы қаралды. Бұл жоба СҚО-ның тауарлы сүт фермаларын салу жөніндегі оң тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерге таратуға бағытталған.

"Биыл 31 тамызда аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу қағидалары қабылданды. Бұл сенімді агенттер арқылы 2,5%-пен 10 жылға дейін несие рәсімдеуге мүмкіндік береді. Несиенің ең жоғарғы сомасы 5 млрд теңгеге дейін", - делінген министрлік хабарламасында.

Үлкен жобаға қатысатын 11 облыстың 8-і Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар атынан сенімді агенттерді анықтады. Тағы 3 өңір - Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары, оларды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүріп жатыр.

"Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары 34 млрд теңге көлемінде несиелеу қаражатын алды. Қазан айында тағы 5 өңірге - БҚО, Алматы, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары 52 млрд теңге аудару жоспарланып жатыр", - дейді министрлік.

Азық-түлік өнімдерін өндіретін зауыттар құрылысының жобаларына жеңілдікпен несие берудің арқасында 2 жыл ішінде Солтүстік Қазақстанда 21 тауарлы сүт фермасы салынды. Нәтижесінде бүгінде шамамен 648 мың тонна сүт өндіреді немесе ел бойынша өндірістің 10,3%-ы СҚО-на тиеслі.

ҚазАқпарат