Такси жүргізушілері мен курьерлер үшін салық режимі енгізіледі

Такси жүргізушілері мен курьерлер үшін салық режимі енгізіледі

       Жаңа Әлеуметтік кодексте онлайн платформа операторларының жұмысына қатысты өзгерістер енгізіледі

       Әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты салық кодексіне өзгерістер енгізіледі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Еңбек министрі Тамара Дүйсенова шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлем енгізілетінін мәлімдеді.

       Жаңа Әлеуметтік кодексте онлайн платформа операторларының жұмысына қатысты өзгерістер енгізіледі.

       Бес әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды көздейтін қолданыстағы сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе ретінде сақталады.

      Дегенмен, оның мақсатты міндеті өзгеріске ұшырайды: жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен ол азаматтарды формалды түрде жұмыспен қамтылуға ынталандыруды көздейтін болады.

«Осыған орай, біріншіден, Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салықтық жүктеме ендігі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейтін болады. Екіншіден, онлайн платформалардың көмегімен(Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.)  жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады, олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді», -  деді министр.

Сонымен қатар, елімізде заңға «тәуелсіз жұмыскер» ұғымы енгізіледі. Бұл табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлғаларға қатысты.

«Егер тәуелсіз жұмыскерлер өз қызметін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт  (публичный договор) жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі», - деді министр.

Бұл ретте жұмыскерлер үшін онлайн платформасының Опреторлары салық агенттері ретінде танылып, арнаулы салық режимдеріне сәйкес жұмыскерлердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отыратын болады.

«Бұл жағдайда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты, республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қорлардан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады. Тиісті аударымдар болмаған жағдайда оларға заңдарда белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана беріледі. Енгізілетін оңтайлы режимдер жұмыспен қамтудың осындай нысандарын реттеу базасын қалыптастыруға және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деді Тамара Дүйсенова.