фото: sputnik.kz
Көктем келе өсімдіктің түр-түрі сатылымға шығады. Бау-бақшаның сырына қанық тұрғындар не түрлі әсемдікке арналған өсімдіктерді сан алуан бағаға тұтынушы назарына ұсынады. Соның бірі - шырмауық раушан. Қазіргі күні жылы аймақтың тұрғындары бұл гүлді іздеп жүріп сатып алады. 25 жылдан бері шырмауық раушан гүлін өсірумен айналысатын Эльмира Қуатбекова бұл гүлдің қыр-сыры туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Шырмауық раушан әркімнің үйінде кездесе бермейтін гүл. Өйткені бабы қиын. Бұл гүлді аялап, әлпештей білгенде ғана жайқалып өседі. Эльмира Қуатбекова гүл өсірумен айналысады. Бір өзі ғана емес, бауырлары да бұл кәсіптің арқасында талай жанның ауласын гүлге орап келеді.
"Мен гүл өсіргеніме 25 жылдай болды. Гүл өсіруге құмарлығым бала кезімнен басталды. Өйткені анам гүл өсірумен айналысатын. Отбасымызбен, бауырларымызбен гүл өсірумен айналысамыз. Соның бірі - осы шырмауық раушан. Шырмауық раушан бес метр биіктікке дейін өседі. Бұл гүлдің 250-ден астам түрі бар", - дейді Эльмира Қуатбекова.
Гүл өсіруші шырмауық раушан алу үшін неше жыл қажат екенін айтты.
Шырмауық раушанды Қазақстанда итмұрынның тұқымын алып бір жыл егіп, екінші жыл өсіреді. Үшінші жылы 5 жылдық раушанды кесіндісін алып будандастырады. Төртінші жылы оны бағып-қағып өсіреді. Бесінші жылы шырмауық раушан пайда болады", - дейді гүл өсіруші.
Шырмауық раушанды өсірудің де өз мәнісі бар.
"Бұл гүлді бала сияқты бағып-қағу керек. Гүлді түптеп, суын уақтылы құйып, қурағанын кесіп отыру керек. Раушан суды жақсы көреді. Үнемі назарда ұстап аялай білу керек. Әйтпесе гүл дұрыс өспейді. Мысалы, қазіргі уақыттан бастап гүлдің түбін қопсытып, күтімді ертерек бастау керек", - дейді Эльмира Базарқұлқызы.
Кейбір пікір шырмауық раушан Қазақстанға Қытай жерінен келген дейді. "Өсіруге болмайды, ырымы нашар " деген де қауесет бар. Бірақ гүл өсіруші бағбан бұл пікірдің жаңсақ, еш шындыққа жанаспайтынын айтады. Шырмауық раушанның бұтақ болып өсетін түрі екі метр биіктікке дейін жетеді. Бұл гүлдің ерекшелігі жаз бойы гүлі жайнап тұрады. Тіпті қар түскенше де гүлі түспейді. Ал көлемі 2 метрді алып жатады. Эльмира Қуатбекованың айтуынша, кез келген үйде қандай болсын міндетті түрде гүл болу керек.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через