Сырдарияның шынымен сарқылғаны ма?

Сырдарияның шынымен сарқылғаны ма?

Сырдарияның шынымен сарқылғаны ма?

Бірнеше мемлекеттің аумағын кесіп өтіп, алып даланың алқасындай Кіші Арал теңізіне құятын Сырдарияның соңғы жылдары мазасы кетіп-ақ тұр. Егін-тегіннің уақытында арнасы төмендеп, қыста кемеріне қайта келетін өзеннің қазіргі кейпі тіпті адам аярлық. Арнасы ортайып қалған дарияның баяғы дүлей мінезін сағына бастағандаймыз. Биыл облыс диқандары егілетін күріш көлемін қысқартып, өзен суының әр тамшысын санап жүріп науқанды әупіріммен өткізді.

Егістік суы тартылғанмен, дария жылдағы деңгейіне жете алмай тұр. Мәселеге тұрғындар да назар аударып, әлеуметтік желілерде кей тұстары жылғаланып қалған дарияның суреттерін жарыса жариялап жатыр. Тіпті «өзен осы арадан үзіліп тұр, ағыс тоқтаған» деген де ақпараттар таралуда. Жұрт осы мәселеге байланысты Үкімет пен жергілікті әкімдіктің нендей шара қолданып жатқанын білгісі келеді.

Елді алаңдатқан мәселеге байланысты экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әлеуметтік желі арқылы ақпарат беріпті. Онда Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап судың азаюы жалғасып келе жатқаны айтылады.

Өзен арнасындағы ахуал Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына және көбінесе Қырғызстанның Тоқтоғұл су қоймасындағы көлемге тікелей байланысты. Биыл Тоқтоғұлда судың жинақталуы 2019 жылмен салыстырғанда 5 млрд текше метрге кем болған.

Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде вегетация кезеңі қазанның соңына дейін жалғасатыны тағы бар. Осы жылғы қарашада мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-отырысында Сырдария өзенінің бассейні бойынша 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, 2021-2022 жылғы суару маусымында мемлекеттердің су алу лимиттері, Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режімі келісіледі.

Дария арнасындағы жағдайды жергілікті өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров БАҚ өкілдеріне түсіндіріп өтті.

 

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменовтің айтуынша, қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі 30 текше метр болып тұр. Бұл, әрине, жылдағыдан аз. Осыған байланысты облыс әкімдігі Премьер-Министрге және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныстар жолдаған. Сонымен қатар 18 қазаннан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 50 текше метр су тасталуда.

Трансшекаралық өзен саналатын Сырдариядағы су көлемін жылына екі рет халықаралық комиссия арнайы тексереді. Осы комиссия отырысында биыл Сырдария өзені арқылы Қазақстан аумағына сәуір мен қыркүйек айларында 4 млрд текше метр су келетіні болжанған. Қазір соның 60 пайызы ғана жетіп отыр. Көксарай су реттегіші және Шардара су қоймасында толық пайдалануға және шекті пайдалануға 650 млн текше метр су қалды.

– Осындай себеппен қыркүйек және қазан айларында жоғарыдан келіп жатқан су көбейген жоқ. Қазіргі уақытта облыстың шекарасынан 60-65 текше метр, ал Қызылорда қаласы тұсынан 66 текше метр су өтіп жатыр, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

«Қазсушар» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберіліп отырғанын, негізсіз ақпаратқа сенуге болмайтынын айтады.

Ортақ дарияны пайдалануда ойласар мәселенің көп екені рас. Оның үстіне ресми билік өкілдері өзен суының азаюы 7-8 жылда қайталанып отыратын құбылыс екенін айтып, абыржыған елді сабырға шақыруда. Бірақ бұл уәж дарияның қазіргі жайын көріп отырған жұрттың көңілдегі алаңын баса алмай тұрғаны анық.

 

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ

Мәтіндегі ақпарат туралы