фото: sputnik.kz
Шымкент қаласында мешіт ұстазы жеткіншектерді аяусыз соққыға жыққан. Оқиға мешіттерде жазғы 1 айлық діни сауат ашу курстарын жүргізу кезінде болған. Балалардың көк ала денесі түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тараған. Бейнежазбада балалар өздерін Рүстем деген медресе ұстазының Құран аяттарын жаттамағаны үшін ұрғанын айтады. Жеткіншектердің айтуынша, медресе үйде орналасқан.
"Оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары – ағалы-інілі Сейітқожа, Есенқожа Ешмұратовтар "Таспау Сәлімбай" мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровтан өз ұлдарына үй жағдайында діни сабақ беруді өтінеді. Өкінішке қарай "Таспау Сәлімбай" мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған", - дейді Шымкент қаласы дін істері басқармасының басшысы Алжан Тұяқбаев.
Дін істері басқармасының айтуынша, біріншіден оқиға медреседе болмаған. Сондай-ақ "Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды" деген пікір шындыққа жанаспайды.
"Өкінішке қарай, "Таспау Сәлімбай" мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров кәмелетке толмаған балаларды үй жағдайында оқытып, оларға қол жұмсап, дін қызметкерінің этикасын (мұсылмандық, ұстаздық әдепті сақтамау, өзгелерге зиян тигізу т.б.) қатаң бұзған.15 маусымда Бас мүфтидің бұйрығымен Рүстем Асқаров қызметінен босатылды", - дейді Алжан Тұяқбаев.
Балаларды аяусыз соққыға жыққан "ұстаз" 2022 жылы наурызда тікелей ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің бұйрығымен ресми түрде "Тасбау Сәлімбай" мешітінің қызметкері болып тағайындалған. Жасы 38-де, мешітте 4 жылдық еңбек өтілі бар.
"7 маусымда балалар Рүстем Асқаровтың үйінен қашып шығып, Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданы арасында қатынайтын таксимен ауылына жетеді. Балалардың анасы дәрігер көмегіне жүгінеді. Қазіргі таңда балалардың ата-анасы сот-медициналық сараптама жасаудан және Рүстем Аскаровқа шағым түсіруден бас тартты", - дейді Шымкент дін істері басқармасының басшысы Алжан Тұяқбаев.
Ал қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтады.
"Бұл факт ҚР ҚК 140-бабы "Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша полицияда тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - дейді ПД баспасөз қызметі.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через