Шымкентте ер адам садақа жәшігіне ұрлыққа түсті

Шымкентте ер адам садақа жәшігіне ұрлыққа түсті
фото: sputnik.kz

Қаратау аудандық полиция бөлімінің "102" арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз адамның ұрлық үстінде ұсталғанын айтқан.

"Ер адам қаладағы ірі сауда нүктелерінің бірінде орналасқан қайырымдылық жәшігінен 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлаған. Күдіктінің оғаш қылығын байқаған куәгерлер оқиғаға бей-жай қарамай, дер кезінде оны ұстаған. Қазіргі күні ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тергеу басталды", - дейді Қаратау АПБ-ның анықтаушысы Дастан Ахмет.

Күдікті бұған дейін есірткі қылмысы үшін істі болған. Қазіргі таңда жұмыссыз. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған қаражат қайырымдылық қорының иесіне қайтарылды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі, дейді полиция.

Қазақпарат