Шымкентте дәмхананы паналап келген жалғызбасты ана баспаналы болды. Ол 5 перзентімен жалдамалы пәтер иелері қабылдамаған соң амалсыз суық жерде тұрып келген. Ал мұқтаж отбасының жағдайымен танысқан қайырымдылық қоры халықтан жылу жинап, Шұбарсу елдімекенінен үй алып берді, деп хабарлады Standard.kz.
3 жыл бұрын жолдасы өмірден өткен Мария 5 перзентімен дәмхананың бір бұрышын паналуға мәжбүр еді. Өйткені, жалдамалы пәтер иелері балалары барларды қабылдамайды. Ал өзі еден жуушы әрі аспаз көмекшісі болып жұмыс істейтін дәмхана басшылығы осында уақытша тұруға рұқсат берген.
«Оңай емес, дәмханаға неше түрлі адамдар келеді. Балаларыма тиіп кетпесін деп шырылдап жүремін. Қанша жұмыс істесем де, бір адам болғасын болмайды екен. Мен балаларымның салқын жерде тұрып, ауру тапқанын қаламаймын»,-дейді Мәрия Мұхтасарова.
Бұған дейін дәмханаға келушілерінің кетуін күтіп, түннің бір уағында сабақ оқитын балалар енді өз бөлмесінде еркін білім ала алады. Әрі ең бастысы жылы баспанада тыныш ұйықтайтын болды. Мәрияның қуанатыны да осы. Перзентерінің болашағына уайымдап шырылдаған ана осындай мүмкіндік сыйлаған күллі қазақ жұртына алғысын білдірді.
«Дәулет» қорына, бізге көмек қолын созған халыққа мың рақмет. Мектеп мұғалімдеріне де алғысым шексіз. Қатты толқып тұрмын. Эмоциямды жеткізе алмаймын. Өте ұнады үй». Мәрия Мұхтасарова, көпбалалы ана.
Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, бұл отбасына баспана сыйлау үшін қорға 21 млн. теңге жиналыпты. Оның 20 млн-на 5 бөлмелі үй алынып, 1 миллионы үйдің керек-жарағына жұмсалған. Сонымен қатар Мәрияның балалары білім алатын мектеп ұжымы да игі іске ат салысыпты, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Фото: halyq-uni.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через