Шымкентте бала туу көрсеткіші өскен

Шымкентте бала туу көрсеткіші өскен

    Былтырдың өзінде көрсеткіш жылдағыдан 5 мыңға артқан. Сол себепті шырайлы қала жаңа перинаталды орталыққа мұқтаж. Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби өмір есігін ашады. Бұл көрсеткіш жылдағыдан әлдеқайда көп. Мәселен, өткен жылдың өзінде мегаполисте 33 мыңнан астам бала дүниеге келген.

"Бала туу көрсеткіші өсті. Пандемия кезінен бері ай сайын босануға келетін аналар саны көбейіп отыр. Бір күнде біздің перзентханада 50-60-қа жуық бала өмірге келеді", – дейді перзентхана меңгерушісі Гүлмира Қоңырбаева. 

Валентина Зарапина үшінші қызын дүниеге әкелді. Ол көп балалы ана болуды армандайды. Осылайша шымкенттіктер қатары күн өткен сайын толысып келеді. 

"Үйде екі қызым күтіп отыр. Міне, үшінші қарлығашым дүниеге келді. Енді ұлым болса деп армандаймын", – дейді қала тұрғыны Валентина Зарапина.  

Қазір Шымкентте 4 перзентхана жұмыс істеп тұр. Бірақ орынның жетіспеушілігіне байланысты жаңа босанған аналар үйлеріне ерте шығарылады. 

"Қазір бізде акушерлік төсек-орын жетпейді. Болашақта жаңа перинаталдық орталық құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ қазір салынып жатқан көпбейінді ауруханаларды босандыру бөлімшелерімен қамтамасыз ету көзделіп отыр", – дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.

Келешекте 153 анаға шақталған қалалық перзентхананы ұлғайту көзделіп отыр. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл жеке перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухана болмақ. Шымкенттік аналар шаһарда тағы бір перзентхана салынады деп үміттеніп отыр.