Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Шымкентте уланған балалардың жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше Шымкентке білім олимпиадасына қатысуға келген ондаған оқушы ауруханада жатыр.
«Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша олимпиадада орын алған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып, бақ сынауда. Олимпиада ережеге және бекітілген жоспарға сәйкес өтіп жатыр» деп жазды Шолпан Каринова Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, «желшешек» диагнозының белгілері байқалған.
Оқушыларға шұғыл жедел жәрдем шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
«Балалардың хал-жағдайымен танысу үшін қала емханасының басшылығымен сөйлесіп отырмын. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы бірқалыпты, тиісті емін алып жатыр. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан оқушыларға психологиялық көмек көрсетілді. Министрліктің басты міндеті - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушылары орналасқан жерлерде тиісті санитарлық шаралар ұйымдастырылды» дейді вице-министр.
Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың туындау себептерін анықтап жатыр.
Фото otyrar.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через