Шымкентке олимпиадаға барған оқушылар уланып қалды

Шымкентке олимпиадаға барған оқушылар уланып қалды
фото: sputnik.kz

Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова Шымкентке Олимпиадаға келіп, уланып қалған оқушылардың жағдайы туралы айтты.

Вице-министр жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың өту барысын бақылау үшін Шымкент қаласына арнайы барған.

"Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша олимпиадада болған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Штабтың құрамына министрлік өкілдерінен басқа Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті, білім басқармасының өкілдері кірді", - деп жазды Қаринова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол Шымкентте олимпиадаға қатысып жатқан оқушылармен кездесіп, жағдайын білген. Командалардың жетекшілерімен әңгімелескен.

Республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып жатыр. Олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, "желшешек" диагнозының белгілері байқалған.

"Ұйымдастырушылар дер кезінде тиісті шұғыл шаралар қабылдаған. Оқушыларға шұғыл жедел-жәрдем көмегі шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Балалардың хал-жағдайымен танысу үшін қала емханасының басшылығымен сөйлесіп отырмын. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қалыпты, тиісті емін қабылдауда. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан оқушыларға психологиялық көмек көрсетіліп, барлық қажетті шара қабылдануда", - деді Қаринова.

Ол балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушылары орналасқан жерлерде тиісті санитарлық шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі оқиғаның себептерін анықтау үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Денсаулық сақтау басқармасымен және санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментімен келісе отырып, балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылды. Ал олимпиаданың қорытынды кезеңінің салтанатты жабылу рәсімі жұмыс тәртібіне ауыстырылды.

Сонымен қатар штаб отырысында әділқазылар алқасымен бірге ауырған оқушылардың олимпиадалық қорытындысы мәселесі қарастырылды. Әр бала бойынша әділ, объективті шешім қабылданады, деп сендірді вице-министр.

Бұдан бөлек осы жағдайға байланысты Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданы өткізу форматы өзгертілді. Ол өңірлерде өтетін болды.

Аталған жағдай оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында.

Қаринова министрдің тапсырмасымен олимпиада аяқталғанша Шымкент қаласында болатынын айтты.

Қазақпарат