Шымкент тұрғындары бизнесті дамытуға арналған грантты той мен кредитке жұмсады

Шымкент тұрғындары  бизнесті дамытуға арналған грантты той мен кредитке  жұмсады
фото: https://sputnik.kz

Шымкент тұрғындары  бизнесті дамытуға арналған грантты той мен кредитке  жұмсады

Шымкентте кейбір кәсіпкерлер 1 225 000 теңге көлеміндегі грантты кредитін жабу мен тойға жұмсады. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы хабарлады.

Ведомство басшысы Балмаржан Нарбекова түсіндіргендей, қайтарымсыз грант тек бизнесті дамытуға беріледі. Бұл маңызды шартты былтыр Шымкенттің 23 тұрғыны бұзған. Олар той өткізуге, құдалықтарға және несиелерін өтеуге бір миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Іскер азаматтар жауапкершілікке тартылды, ақша қазынаға қайтарылды.

"Қарыз, несиелерді өтеуге, үйлену тойына ақша алуға болмайды. 1 миллион 225 мың теңге бизнесті дамытуға және қызметкерлерді жалдау үшін беріледі. Енді ереже болады: біз әр тоқсан сайын есеп беруді талап етеміз. Сондықтан осыған жауапкершілікпен қарауды сұраймыз", - дейді Балмаржан Нарбекова.

2022 жылы Шымкент қаласының 1 150 тұрғыны өз бизнесін дамыту үшін мемлекеттен қаржылай көмек ала алады. Грант алу шарттарын жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасында түсіндіруге дайын.

Өз ісін дамытуға грант алу үшін не істеу керек

Қайтарымсыз грантты жеңіп алу үшін алдымен екі апта бойы Skills.enbek.kz сайтындағы курстарды оқып үйрену керек. Өтінімдерді қабылдау 8 тамызда басталады.

Өз ісін ашқысы келетін әрбір адам ЭЦҚ арқылы оқуға өтінім бере алады. Курс аяқталғаннан кейін адам тест тапсырады және білімін дәлелдейді. Егер өтініш берушінің көрсеткіші 70%-тен көп болса, ол автоматты түрде сертификат алады. Оны басып шығаруға болады, қолданыстағы құжат саналады. Егер тест нәтижесі дұрыс болмаса, тағы екі рет тапсыру мүмкіндігі бар.

Оқыту жеке бизнесті жүргізудің негізгі дағдыларын алуға, бір жылға дейін бизнес-жобаны сүйемелдеуге және бизнес-идеяны қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет көмегі кімдерге беріледі:

жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар;

бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатарынан);

жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан кем);

жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын адамдар;

жұмыссыз жастар (29 жасқа дейін);

тұрмысы төмен отбасылар - атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

көп балалы отбасылар - көп балалы отбасы санаты бойынша жәрдемақы алушылар;

қандастар, қоныс аударушылар;

асыраушысынан айрылғандар;

мүгедектігі барлар;

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар.

Мәтіндегі ақпарат туралы