Шымбұлақ аумағына бензин, дизель және газбен жүретін көліктердің кіруіне тыйым салынды

Шымбұлақ аумағына бензин, дизель және газбен жүретін көліктердің кіруіне тыйым салынды

       «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты аумағына көліктердің кіруін шектеу шартарына өзгеріс енгізілді.

       Қалалық әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, көлік жүктемесі мен қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында Алматы қаласының әкімдігі 2016 жылғы 8 сәуірдегі №2/122 «Алматы қаласының кейбір аумақтарына көліктің кіруін шектеу туралы» қаулысына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер 2023 жылдың 1 сәуірінен күшіне енеді.

       «Электрлік қозғалтқыш автокөліктері (электрмобиль) мен шұғыл, жедел, коммуналдық және арнайы қызметтер мен арнайы текхникадан басқа көліктердің барлығына тау шаңғы курорты аумағына кіруге шектеу қойылады. Қолданылған шаралар көліктен шығатын ластағыш заттардың көлемін азайта отырып ерекше қорғалатын табиғи аумақта қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді төмендетуге мүмкіндік беретін болады»,- деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

       Ал, «Медеу» МАТП аумағында орналасқан кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғаларға тиесілі және (немесе) соларға қызмет көрсететін көліктерге шектеу осы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап күшіне енбек.

       «Осы орайда шағын және орта бизнес субъектілеріне электр қозғалтқышты көлік сатып алу үшін «Алматы» ӘКК» АҚ қарасты «Алматы» МҚҰ» арқылы 7 жылға дейінгі мерзімге 6% жылдық мөлшерлемемен 30 млн дейін кепілді жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі беріледі. Борышкердің жеке меншігі сатып алынатын көлік құралының 50%-нан кем болмауы тиіс»,- деп атап өтті әкімдік өкілдері.

       Еске сала кетейік, бұған дейін сол жердің тұрғылықты тұрғындары мен жекеменшік иелеріне қозғалтқыш типіне қарамастан «Шымбұлақ» ТК аумағына кіруге рұқсат етілетін.
Қазіргі кезде Алматыда шамамен 560 мың автомобиль тіркелген, (оның ішінде электромобиль саны 958), күн сайын қала аумағына 200 мыңнан астам көлік кіреді. Ал оның 58%-ының қолданыс мерзімі 14 жылдан 40 жылға дейінгі мерзімді құрайды.

       ҚазАқпарат