Сыйлық таңдай білесіз бе?

Сыйлық таңдай білесіз бе?

       Бір күннен кейін Халықаралық әйелдер күні. Менреке қарсаңында ер адамдардың сыйлық таңдау машақаты басталады. Біреулер оны алдын ала алып қойса, енді біреулер бір күн қалғанда іздеуге кіріседі.

       Содан дүкендерді аралап, сөрелердің алдында басын қасып тұрған ер азаматтарды жиі көретініміз рас. Standard.kz порталы псиxолог әйелдердің берген кеңестері негізінде сыйлық таңдау машақатын барынша жеңілдетуге тырысты.

       Алдымен "сыйлық маңызды емес, көңіл маңызды" деген қағиданы естен шығармауымыз қажет. Сондықтан кез келген сыйлықты берген кезде оны алып жатқан адамға арнап жылы сөз айтуды ұмытпаған жөн. Ұжымда әрбір қыз-келіншекке арнап бір шумақ өлең де шығаруға болады. Сүйікті адамға жүректі тебірентетін шынайы өлең арнасаңыз, ал туған анаңызға өз атыңыздан бір жыр жолдарын шығарсаңыз да артық етпейді.

      Ал сыйлыққа келер болсақ, бұл жерде "псиxологиялық" бір миф бар. Ер азаматтардың көбісі: "Әйел адам сезімтал, сондықтан оған ерекше бір сыйлық берген жөн", - деп ойлайды. Жеке дара сый болмаса, әйел ренжіп қалады деген таптаурын пікір бар. Дегенмен, қазіргі "ерекше", я болмаса, "жеке дара" сыйлықтарды тәптіштейтін болсақ, бұның барлығы "псиxолоиялық миф" екенін түсінуге болады. Иіссу, бағалы әшекейлер, қымбат тон, гауһар тасы бар сақина, көлік, шетелге саяxат, гүл, шампан, кәмпит - осының бәрін бұған дейін сыйлаған, сыйлап жатыр, сыйлады да. "Біреулер ер азаматтардың қиялы шектеулі деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Әсте олай емес. Әйелдерге жеке дара сыйлықтар емес, қоғам ішінде барлығы мойындаған бағалы сыйлықтар ұнайды. Сосын кейбір әйелдер "Тосын сыйды жақсы көремін!" деп айтады.

        Алайда ол сөз де шындыққа жанаспайды. Себебі әйел адамдардың псиxологиясы сол, олар алда не болатынын білуі керек. Ол тосын өзгерістерді ұнатпайды. Ондайда санасында қорқыныш пайда болады. Сондықтан оның талғамын дәл тауып, сыйлықтың түрімен, сәл де болса қымбат бағамен таңқалдыруға болады", - дейді псиxолог мамандар. Алайда ақшаны шашып, тым қымбат сыйлықты да алып берген дұрыс емес. Әйел адамдар ақшаны оңды-солды шашқан еркекті көп ұната бермейді. Кез келген әйел тұрақтылықты қалайды. Ал ақшаны шаша беретін еркек - тұрақсыздықтың белгісі. Ал отбасыда қымбат сыйлық күтпеген әйелдің ойында "Осы жолы неге қымбат сыйлық алып берді екен? Жасырып жүрген бірдеңесі бар ма? Соны жуып-шайып жатқан жоқ па" деген ойлар пайда болуы әбден мүмкін. Сол себепті кез келген орташа сыйлықтың бағасын әдемі әрі пафосты сөзбен көтеруге болатынын ұмытпаған жөн.

       Сөз соңында әйел адамға бір-ақ нәрсенің керек екенін түсініп алуымыз қажет. Ол өзінің әдемі, сұлу, сымбатты, көрікті екенін сезінуі тиіс. Сондықтан комплиментті аямау қажет. Әлбетте, әрбір сөзде шынайылық болуы тиіс. Себебі әйел адам - өте сезімтал жан.