Түркістан облысындағы су тасқыны кезінде құтқарушылар тұрғындарды үйлерінен арқалап алып шыққан.
Су тасқыны кезінде құтқарушылардың тұрғындарды құтқару сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Бірі әжейді үй табалдырығынан көлікке дейін арқалап алып барған.
Енді бірі үй ішіндегі балалар мен өзге де тұрғындардың аяғын суға тигізбей, көтеріп жүргенін көруге болады. Ал, екінші видеода үйдің жанына тоқтаған үлкен көлікке адамдарды терезе арқылы өткізгені көрсетіледі.
Желіде жарияланған видеоға қатысты оқырмандар ризашылықтарын білдіріп, түрлі пікірлер жазып жатыр. Олардың арасында «Алла разы болсын!», «Қазағымның жігіттері аман болсын!», «Жарайсыңдар жігіттер!», «Біздің еліміздің қорғаушылары аман болсын!» деген жазбалар бар.
Еске сала кетейік, өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басқан еді.
Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын уақытша тоқтатты.
Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: облыстық ТЖД, kaz.nur.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через