ШҚО трассасында 7 тонна балық тәркіленді

ШҚО трассасында 7 тонна балық тәркіленді
фото: Видеодан алынған кадр: t.me/POLICE_of_KZ

Шығыс Қазақстан облысында тасжолда тоқтатылған КамАЗ-дан заңсыз ауланған 7 тонна балық табылды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Омбы-Майқапшағай» тасжолын патрульдеу кезінде КамАЗ жүк көлігін тоқтатқан. Оның тізгінінде Өскемен қаласының 31 жастағы тұрғыны болды.
Тексеру кезінде көліктен 280-нен астам полиэтилен пакетке салынған тиісті құжаттары жоқ балық табылды. Жүргізушінің айтуынша, ол жүкті Өскеменге облыстағы ауылдардың бірінен алып келе жатқан. Бұл жалпы салмағы 7 тоннадан асатын көксерке балығы. Осының салдарынан мемлекетке келтірілген материалдық шығын 50 млн теңгеден асып отыр, - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 4-бөлігімен (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау, өндіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚазАқпарат