Сот шешіміне дейін жолаушыны "қара тізімге" енгізуге тыйым салынуы мүмкін

Сот шешіміне дейін жолаушыны "қара тізімге" енгізуге тыйым салынуы мүмкін

               Заң жобасы нормаларын талқылау кезінде депутат қазақстандықтар ұшақ бортындағы қандай қылығы үшін "қара тізімге" енетінін сұрады

               Қазақстандықтарға ұшаққа отыруға тек сот шешімі арқылы тыйым салуға болады. Көлік мәселелері жөніндегі заң жобасына толықтыру енгізуді таныстырған индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Берік Қамалиев осылай деді.

              Заң жобасы нормаларын талқылау кезінде Альберт Рау қазақстандықтар ұшақ бортындағы қандай қылығы үшін "қара тізімге" енетінін сұрады.

             "Ұсынылып отырған толықтыруға сәйкес, мұндай тізімге тек сот шешімімен енгізіледі. Халықаралық тәжірибе қандай? Бізге түрік және өзге әуе желілері қатынайды. Жанжал шығарғандарды тізімге қалай қосады? Қандай әуе компаниясының шемімі керек?", - деп сұрады депутат.

              Берік Қамалиев әуе компаниялары өз "қара тізімін" жасайтынын мәлімдеді. Шектеудің дені Air Astana компаниясының жолаушыларына қойылған.

             "Қазіргі уақытта әуе компаниялары жолаушыны тек сот шешімімен ғана "қара тізімге" енгізетін болады. Олар әуежайға жеткенде хаттама толтырып, сот шешімі шыққанға дейін уақытша тізімге қоса алады. Халықаралық тәжірибе бойынша кез келген әуежайда хаттама толтырылса, мәселен, Франкфуртте "қара тізімге" енгізуге негіз бар деген сөз", – деді вице-министр.

              Ол Қазақстанда "қара тізімге" байланысты түсініксіз жағдай қалыптасқанын атап өтті. Жанжалға авиация, әуе компания, әуежай қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін. Сондықтан сот шешіміне дейін "қара тізімге" енгізуге тыйым салу нормасы қарастырылып отыр. 

              Бұған дейін келеңсіз жағдай, негізінен, Алматы - Нұр-Сұлтан - Алматы және Алматы - Атырау - Алматы рейсінде болатыны хабарланған еді. Халықаралық бағыт бойынша Алматыдан Дубай немесе Антальяға баратын жолаушылар жанжал шығаруға әуес.

Мәтіндегі ақпарат туралы