Мемлекет

Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғандар мен қандастар неге кері қайтып жатыр

  Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғандар мен қандастар неге кері қайтып жатыр

Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғандар мен қандастар неге кері қайтып жатыр

Олардың кері қайтуына көбіне отбасылық жағдайы мен денсаулығы себеп болған деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде бәрі әлдеқайда күрделірек

Солтүстік Қазақстан облысынан бірнеше жылда оңтүстіктен қоныс аударған 556 адам кері оралған.

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында қыстағаннан кейін Ираннан келген бірнеше қандас отбасы кері қайтты. Олар жергілікті билік ұсынған үйлердің суық, ұйытқыған  желге төзімсіз екеніне шағымданды.

Сергеевка аудан орталығында оларға арнап салынған 45 үйдің барлығы қазір қайта жабдықталып, негізінен еденді жылыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйді қайта салуға бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Бірақ бұл кері қайтуға шешім қабылдаған қоныс аударушыларды солтүстік өңірде ұстап қала алмады.

Еске сала кетейік, өткен жылдың жазында елдің оңтүстік аймағынан Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғандар үйдің сапасына шағымданып, баспанада су, санитарлық бөлме қарастырылмағанын, есесіне үй қабырғалары көгеріп, жарықшақтанғанын айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыстарды тиімді ұйымдастыра алмағаны үшін СҚО Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері жұмыстан босатылды.

Жақында өткен қоғамдық кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов 2017 жылдан бастап "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп өңірлерден 9120 адам Солтүстік Қазақстан облысына келгенін айтты. Облыстың 225 елді мекені Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 2700 отбасын қабылдаған.

"Қоныс аударғандар арасында еңбек жасындағы 3784 адам бар. Еңбекке қабілетті азаматтардың 30%-інде жоғары, 38%-інде арнаулы орта білім бар. Олардың 3074-і, яғни 81%-і жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 626 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 404 адам ауыл шаруашылығы саласында, 356 адам білім, 176 адам денсаулық сақтау, 1512 адам басқа салаларда жұмыспен қамтылды", - деді Елжасов.

Қандастарға да барлық тиісті құқықтық қолдау көрсетілді: 2016 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Украина сияқты елдерден 850 отандасымыз келген.

Барлық қолдау шарасына қарамастан, өңірде қоныс аударғандардың тек 94%-і тұрақтап қалған.

"Осы жылдар ішінде облыстан 224 отбасы немесе 556 адам кетіп қалды. Себебі алуан түрлі. Оның ішінде отбасылық, денсаулық жағдайы да бар. Кейбірі бастапқы кезеңде, квотаға енгізілмей тұрып шешім қабылдап жатты", - деп түсіндірді Елжасов.

Алайда қоғамдық кеңес мүшелері қоныс аударғандардың солтүстіктен кетуіне негізінен отбасылық жағдай себеп емес екенін айтты.

"Жаңа баспана мен жақсы жұмыс алу мүмкіндігіне алғашқы жылдары өте көп адам қызығушылық танытты. Бірақ қоныс аударғандар солтүстік өңірдің аязды ауа райына төзе алмады. Негізінен тым асығыс салынған үйлердің сапасы қынжылтты. Оның үстіне жалақысы жоғары жұмыс та сол уәде күйінде қалды", - деді қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев.

Ол Ираннан келген Хадиша Адайдың "Үй суық, пешті дұрыс орнатпаған, қабырғалары жұқа, желден есіктер сықырлайды. Дәретхана мен ванна бөлмелері жартылай дайын. Біз жылы елден келдік, бізге суыққа төзу қиын" деген сөзін келтірді.

Сол сияқты Сержан есімді қоныс аударған азамат үй сапасының өте нашар екенін, жалпы бір жарым айда бой көтерген 14 үйдің сапасы адам ұялатындай жағдайда екенін жеткізген.

Отырыста белгілі болғандай, қоныс аударғандар үшін салынған 1 206 үйдің 458-інен ақау анықталған.

"2019-2021 жылдары "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс аудандарында жалпы сомасы 8,6 миллиард теңгеге 1206 үй сатып алынды. Тұрғын үйлерді тексеру барысында олардың 485-інде ақау бар екені анықталды. Осы уақытқа дейін 472 үй жөнделіп, 13 баспанада жұмыс жүргізіліп жатыр. Мердігерлер ол ақаулар мен ескертпелерді осы жылдың мамыр-шілде айларында толығымен жоюы қажет", - деп хабарлады облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафин.

Ол 2019-2020 жылдары бір үйдің құны 7 миллион ​​теңге болғанын, бірақ былтырғы Президент әкімшілігі мен Есеп комитетінің тексеруінен кейін екінші жартыжылдықтан бастап үйлер 8 миллион теңгеге сатып алынатынын айтты. Оның айтуынша, бағдарламада септиктер, қоршаулар орнату, қосалқы бөлмелер салу қарастырылмаған. Бірақ бұл мақсаттарға аудандар мен облыс бюджетінен қосымша 800 миллион теңге бөлінген.

Биылдан бастап "Еңбек" бағдарламасы тоқтады. Осы жылы азаматтарды қабылдау жұмыстары "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" жалпыұлттық жобасы аясында жалғасады. Жаңа жоба кадр тапшылығын жоюға бағытталған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі СҚО бойынша 2685 адамға квота бекітті, оның ішінде 2556-сы жұмыс күші көп өңірлерден келгендерге және 129-ы қандастарға арналған.

Бағдарлама жаңашылдықтарының бірі – қоныс аударғандарды баспанамен қамтамасыз етудің үш тетігі қарастырылған: үй сатып алу, үй салу және жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау.

Мәтіндегі ақпарат туралы

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!
Facebook Youtube Instagram Вконтакте Форум качества

Достарыңызбен бөлісіңіз

Пікір қалдыру