Солтүстік Қазақстанда балықшы далада үсіп өлді

Солтүстік Қазақстанда балықшы далада үсіп өлді
фото: https://sputnik.kz

Солтүстік Қазақстан облысында балық аулап болған соң, 20 шақырым жердегі қалаға түнделетіп жаяу баруға бел буған 31 жастағы ер адам далада үсіп өлді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Новоишимское ауылының тұрғыны 9 қаңтардан бері із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілген. Ол екі танысымен бірге 6 қаңтар күні кешке Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылы маңындағы көлге балық аулауға кеткен. Сол кеткеннен қайта оралмаған соң, анасы полицияға хабарласып, көмек сұраған.

Іздестіру жұмыстарына аудандық полицияның жеке құрамы, өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. 11 қаңтарда сағат 16.00 шамасында Ступинка ауылынан 5 шақырымдай жердегі орман алқабының жанынан іздеу тобы қар басқан ер адамның денесін тапты.

"Қаңтардың 7-нен 8-іне қараған түні Новоишимское ауылының үш балықшысы Ступинка ауылы маңындағы көлде болғаны анықталды. Бірге алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін олардың бірі сағат 23.00 шамасында Сергеевка қаласындағы туысына жаяу баратынын айтып, кетіп қалған", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетері, Ступинки ауылынан Сергеевкаға дейін 20 шақырымдай жүру керек.

Қазақпарат