Смартфон бала үшін неге ата-анадан да жақын?

Смартфон бала үшін неге ата-анадан да жақын?

Психолог қазір көп ата-ананың цифрлық сауаты төмен екенін айтты.

Баланың қолынан телефонды алу үшін орнына қызықтыратын нәрсе ұсыну керек, дейді отбасы психологы Ержан Мырзабаев. Оның айтуынша, ата-ана миы тыныш болуы үшін, бірге уақыт өткізбеу үшін, қонақта жүргенде мазасын алмауы үшін ғана балаға телефон ұстатып қояды. 

"Балаға телефон бермеу үшін онымен айналысу керек, орнына қызықты нәрсе ұсына алу керек. Балаға менімен жүру, менімен араласу, менімен сөйлесу телефоннан да қызық болуы керек. Сол кезде бала телефоннан щығады. Сіз телефонды алып қойған кезде бала неге жылайды? Мені қызықтыр деп жылайды. "Сені қызықтыра алмаймын, жұмыс істеп жатырмын" десең, қақтығыс туындайды. Ал баладан телфонды алып, орнына бірге доп ойнауды, жылқыға мінуді, бірге уақыт өткізуді ұсынсаңыз, балада қызығушылық пайда болады. Сол кезде ғана балаға шынайы өмір виртуалды өмірден қызық бола бастайды. Солай үйренеді", – дейді Ержан Мырзабаев.

 Дегенмен, психолог балаға телефон беруге болатын жағдайларды да атап өтті. 

"Бала мектепке барғанда байланыс пен қауіпсіздік тұрғысынан телефон беруге болады. Онда да түсіндіру керек. "Саған хабарласып отырамын", "Мектепке барып-келе жатқан кезде геолокацияңды көріп отырамын", "Көшеде бір жағдай болса, дереу маған хабарлас" дегендей. Содан кейін пандемия кезінде телефон білім алу құралы болды", – дейді ол.

Ержан Мырзабаев қазір көп ата-ананың цифрлық сауаты төмен екенін айтты.

"Керісінше, баласына айтып, баптауларын жасатып жатады. Сіз өзіңіз танымайтын, білмейтін құрылғыны балаға бермеуіңіз керек. Мысалы, семинар, тренингтерде ата-аналардың 99 пайызы баласының телефонына бақылау бағдарламасын орнатпайтынын айтады. Қазіргі таңда бүкіл мәселені шешетін нәрсе сол. Өз телефоныңнан баланың телефонына бақылау жасайсың. Менің балаларымның телефоны солай таңғы сағат жетіде қосылады, кешкі сағат тоғызда өшеді. Түнімен ойын ойнады, ұйықтамады деген нәрсе жоқ. Сосын бала қандай да бір бағдарлама орнататын кезде ата-анаға хабарлама келіп, келісім сұрайды. Баланың қолында телефон болуы қауіпті емес. Ол бақылаусыз болса – қауіпті", – дейді психолог.