фото: sulpak.kz
Тараздық оқушылар инфаркт пен инсультті уақытында анықтауға көмектесетін "ақылды сағатты" ойлап тапты.
Құрылғы жағдайы ауырлаған науқастың жақындарына дереу хабар беріп, өздігінен жедел жәрдем шақыра алады.
Тараздық Дулат Исабек пен Адия Тұрсынбай облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейде оқиды. Олар "Екінші жүрек" деп аталатын смарт сағатын 3 ай ішінде жасап шыққан. Ақылды сағат инфаркт пен инсульт белгілерін уақытылы анықтауға көмектеседі.
"GPS адам талып қалған жағдайда, көрсеткіштер төмендеген жағдайда жақын туыстары мен емханаға хабарлама жіберіледі", - дейді Адия Тұрсынбай.
Қолға тағатын құрылғы жүрек соғысын, қандағы оттегі коэффиценті мен дене температурасын көрсетеді. Өнертапқыштар ақылды сағаттың өз қосымшасын да жасап шыққан. Онда жасанды интеллект жұмыс істейді.
"Google ассистент көмекшіміз науқас адамның кез келген сұрағына жауап береді. Көбінесе науқас адамдар ұсақ-түйек үшін емханаларға барады. Осы науқас адамның уақытын үнемдеу үшін және де дәрігердің жұмысын жеңілдету мақсатында біз осындай көмекшіні енгіздік", - дейді Дулат Исабек.
Ұялы қосымшада дәрігердің бекіткен дәрі ішу кестесі де енгізілген. Жас ғалымдар енді смарт сағатты қалалық емханалардың бірінде іс жүзінде сынап көрмек. Өнертапқыштар ыңғайлы болуы үшін құрылғының көлемін кішірейтіп, одан әрі жетілдірмек. Алдағы уақытта қан қысымын өлшейтін қондырғы қосу жоспарларында бар.
Дереккөз 24.kz. Фото sulpak.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через