фото: Abroads
Англияға маусымдық жұмысқа барған қазақстандықтардың саны көбейді.
Олардың арасында заң бұзатындар да кездеседі екен. Енді елшілік өкілдері шетелге маусымдық жұмысқа тартудың талабын күшейтуге ниетті.
Лондоннан 200 шақырымдай жерде орналасқан құлпынай және таңқурай өсіретін фермада ТМД елдерінен, оның ішінде, Қазақстаннан келгендердің саны 40-тан асады.
30 жастағы Еркебұлан Көшенов Байқоңыр қаласынан келген. Төретам кентінің тумасы, білімі жоғары, Қазақстанда автосалонда еңбек еткен. Келіншегі екеуі қыздарын ата-әжесіне тастап, 6 айға маусымдық жұмысқа келген.
«Келіншегіміз екеуміз ел көрейік, жер көрейік деп... Үй салып жатқан соң шамалы кішігірім кредиттер бар. Әке-шешеге шамалы бір нәрсе сыйлау керек деген мақсатпен келдік», – дейді жұмысшы Еркебұлан Көшенов.
Ұлыбритания Еуропалық Одақ құрамынан шыққаннан кейін Румыния және Болгария сияқты елдерден бұрынғыдай еркін келіп, еңбек ететіндерге тосқауыл қойылды. Жұмыс күшіне деген сұраныс едәуір артты. Ал жергілікті халық төмен жалақыға қара жұмыс істемейді.
Сондықтан билік 2019 жылы пилоттық жоба ретінде арзан жұмыс күшін ТМД елдерінен тарта бастады. Бірақ заң талаптарын қатаң орындау міндеттелді.
«Қазақстан болсын, басқа мемлекеттерден болсын келген әрбір азаматтың заңға бағынғаны өте маңызды. Нақты бір фермаға ғана байланған жұмыс визасы 6 айға ғана жарамды. Одан кейін жұмысшылар еліне оралуы керек», – дейді менеджер Максим Савченко.
Алайда кейбір фермадағылар жұмысын тастап, Лондонға келіп, құрылыста, қонақүйлерде заңсыз еңбек етіп жүр.
«Сондықтан келешекте Ұлыбританияға маусымдық жұмысшы ретінде келетін отандастарымызға жергілікті заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттілігіне назар аударамыз», – деді Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігінің консулы Мерей Қуандықов.
Айта кетейік, екі жыл бұрын фермаларға 400-ге жуық қазақстандық келсе, былтыр 2700-ге жуық адам келген.
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через