Шетелде табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды

Шетелде табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды
фото: Фото: pixabay.com

"Бүгінгі жиында шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды деген пікір айтылды. Бұл ұсынысты қолдаймын және отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырамын. Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді.

Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Әйтсе де Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады.

"Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуына тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Мұны әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр.

Халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. Ол үшін елімізде табысты еңбек етуге қолайлы жағдай жасау керек. Жалпы, мемлекет, ғылыми қоғамдастық және бизнес арасындағы жасампаз серіктестік отандық ғылымды өрге сүйрейтін негізгі шарт екеніне сенімдімін", – Мемлекет басшысы.

ҚазАқпарат