Шетелде де жалған вакцина паспортын жасайтындар бар

Шетелде де  жалған вакцина паспортын жасайтындар бар

               Мәселен, АҚШ-та коронавирусқа қарсы екпе егу туралы құжатты интернет арқылы сатқан фармацевт ұсталды. Тангтанг Чжао есімді Чикаго тұрғынына «вакцинация картасының 125 данасын 10 доллардан сатқан» деген айып тағылып отыр. eBay арқылы өткізіп, олжаға кенелмек болған күдікті енді 120 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Себебі жергілікті әділет министрлігі қылмыскерге 12 түрлі айып тағып, әр айып үшін 10 жыл сұрап отыр. Негізі АҚШ-та жалған құжат дайындағандар 5 жылға дейін сотталуы мүмкін. Алайда мұнда заңбұзушылық әрекетке қарапайым тұрғын емес, медицина қызметкері барып отыр. Содан болар, мәселе майшамменен қаралып жатыр. 

                 Вакцина құжатын сататындармен белсенді күресіп жатқан елдердің бірі  ГерманияVesti.ru мәліметінше, елде вакцинация құжатын 100 еуроға (шамамен 51 мың теңге) арнайы телеграм-арналар арқылы сатып алуға болады екен. Алаяқтар сертификат алған адам ЕО ішінде еркін жүре алатынын айтып сендірген. Германияда да жалған вакцинация құжатын жасау қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралады. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан мамырда айтқан болатын. Яғни жалған құжат қолданған азаматтарға бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл ретінде жаза қарастырылуы мүмкін. Италия Euronews мәліметінше, Италияда да вакцинация паспортын телеграм-арналар арқылы сатып алуға болады. Полицейлер 10 қылмыстық жүйені әшкерелеген. Бағасы - шамамен 100-150 еуро. Жалпы құжатты сатып алуға 250 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Жүзге жуық адам сатушының өзімен тікелей байланыспақ болған. Полицейлер Euronews-ке берген сұхбатында пандемия кезінде алаяқтар жаңа жағдайларға тез ыңғайланып алатынын айтқан. Мысалы алаяқтар коронавирус тестінің нәтижесін теріс шығаруды да үйреніп алған екен. Испанияда әзірше жалған құжат жасап, оны сатқандар немесе сатып алғандарға қандай жаза қарастырылатыны белгісіз.

                 Ресейде де құқық қорғау органдары жалған вакцинация құжаты саудасымен күресіп әлек. Мұнда жалған вакцинация сертификатын «қолдан» алғандар 1 жылға дейін, ал оны дайындағандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

                  Ал біздің елде заңбұзушылық әрекет Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қаралады. Жалған құжаттарды дайындау мен қолдануға қатысты жауапкершілік әртүрлі келеді. Мәселен, жалған вакцинация паспортын дайындаған адам немесе қылмыстық топтың мүшелері 4 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Ал әлгі құжатты сатып алған соң, оны қолданып үлгерген адам 40 тәулікке дейін темір торға тоғытылады. 

                 Қытай коронавирусқа қарсы вакцина құжатын енгізген елдердің бірі - Қытай. Аспан асты елі тұрғындарға екпе паспортын биылғы наурыздан бере бастады. Сертификатқа жергілікті WeСhat әлеуметтік желісінің мини-қосымшасы арқылы тапсырыс беруге болады. Сертификатты ҚХР азаматы төлқұжаты арқылы ала алады. Құжатта тест тапсырған уақыты мен орны, коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны не салдырмағаны туралы ақпарат болады. Одан бөлек, паспортта аты-жөні, ұлты мен паспорт нөмірі жазылған.

                 Қазақстанда да вакцинация паспортын қолдан жасағандар қылмыстық жазаға тартылады. Мұндай әрекет үшін жауапкершілік ҚР ҚК-ның 385-бабында ("Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") көзделген. Бап санкциялары 2 000 АЕК-ке (5,8 миллион теңге. - ескерт.) дейінгі айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі айға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды көздейді.Егер заң бұзу дерегі бір жыл ішінде қайталанса, сондай-ақ вакцинация паспортын қолдан жасау әрекетін адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жүзеге асырса, айыппұл 4 000 АЕК-ке дейін өседі, ал бұл 11,6 миллион теңге. Сондай-ақ, тәртіп бұзушыларды 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға болады.