Семей полигоны. Ең алғашқы ядролық жарылыс жасалған «Тәжірибе алаңы». Дәл осы жерде 1949 жылдың 29 тамызында, атмосферада ең бірінші атом қаруы сыналды. Оның қуаты 22 килоттона болған және толқыны 5 км дейін жеткен. Бұл қуаты ең төмен болған жарылыс, одан кейін қолданылған атом қаруларының күші одан ондаған есе жоғары болды. Алғашқы жойқын қару шамамен 30 метр биіктікте сыналды және оның орнын қазір де анық көруге болады. Ал айналасындағы радиация мөлшері әртүрлі, бір жерде қалыпты деңгейден 2 жарым есе, кейбір жерде 3 есеге дейін жоғары. Бұл әлдеқайда төмендетілген көрсеткіш, себебі оның орны барынша залалсыздандырылды.
1942 жыл. И. Сталинге барлау деректерін ұсынған Л. Берия жуық арада Германия мен Америка ядролық қаруға ие болуы мүмкін деген баяндама жасайды. Ал Сталин көп ойланбастан: «Жасау керек» деп бұйрық береді. Ал Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік державалар арасында бақталастық саясат белең алып, алпауыттар арасында атом қаруын жасаудан және сынаудан «жарыс» басталды, ол «Қырғи-қабақ» соғысы деген атауға ие болды. Кеңес үкіметі сынақ үшін Семей даласын таңдады, онда 1947 жылдан бастап құрылыс қарқын алды. Қазақ жерінен жалпы көлемі 18,5 мың шаршы шақырым жер бөлініп, 1949 жылан бастап 40 жыл ішінде 456 жарылыс жасалды. Оның 116-ы жер бетінде, қалғаны жер астында сыналды.
Мамандардың айтуынша Семей жеріндегі жарылыстардың қуаты Нагасаки мен Хиросимаға түскен бомбалардан 2 жарым мың есе күшті болды. Сынақтардын зардабын Семей полигонына жақын аудандардан бөлек, Павлодар, Қарағанды облыстары да тартты. Аймақта мүгедек, кемтар, жарымжан болып туған балалар көбейді. Ресми деректерде полигон кесірінен 1 млн астам, кейбір деректерде 1,5 млн адамның зардап шеккені туралы айтылады. Алайда бұл соңғы статистика емес. Себебі адам бойындағы ауытқулар ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Бұған жапондардың қолдауымен жүзеге асқан ғылыми бағдарлама дәлел. Өкінішке қарай, Токиодағы арнайы жобаға қатысқан үш буынның өкіліне қатысты зерттеу нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені ауру белгілері жас балалардан, жаңа туылған сәбилерден байқалуда.
1989 Семей-Невада халықаралық қозғалысы құрылды, оны әлем елдері қолдады. Антиядролық ұйымға белгілі ақын, қоғам белсендісі О.Сүлейменов жетекшілік етті, нәтижесінде сынақ саны азайды. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында тіркелді. Көп ұзамай Қазақстан тәуелсіздік алды, тарихи шешім қабылданды, 1991 жылдың 29 тамызында ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через