фото: Sputnik Kazakstan
Ядролық полигон аумағында «Семей қауіпсіздік ядролық аймағы» құрылады. Президент тиісті құжатқа қол қойды.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», деп хабарлайды Ақорда.
Заң нормаларына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарланып отыр.
Бұл аумақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару үшін оңалту мақсатында құрылады. Арнаулы аймақ кешенді экологиялық тексеру жүргізіліп барып, мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша ластанған учаскелерде құрылады.
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңға сәйкес бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» құрылады. Солайша Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде радиоактивті ластанудың таралуын шектеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге полигон аумағындағы радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту жоспарланған.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через