Үлкен қаланың проблемасы да үлкен болатыны белгілі. Бейресми статистика бойынша, 3 млн-ға жуық халық мекен ететін Алматы сияқты мегаполистің шешілмеген мәселесі де шаш етектен. Мұны бұқарадан қарша борап жататын шағымдар мен ұсыныстардан байқауға болады. Әсіресе, жаңадан қосылған екі ауданның арыз-шағымынан аяқ алып жүре алмайсыз. Қалаға жаңадан қосылған Наурызбай, Алатау аудандарындағы ауызсу, аурухана, жол сапасына қатысты сұрақтар жиі туындап жатады.
150 мың тұрғын таза ауызсуға зәру
Алматыдағы Наурызбай ауданының Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс, Таусамалы шағынаудандарының тұрғындары таза ауызсуға мұқтаж екенін айтып келе жатқанына жылдар болды. Бұл ауылдарда тұратын шамамен 150 мың тұрғын ішетін таза суды күнделікті сатып алуға мәжбүр.
Осы мәселе бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаевтың да алдынан бірнеше рет шыққан болатын. Сол кезде Сағынтаев осы ауылдарға іргелес орналасқан «Қарғалы» сүзгі стансасының құрылысы басталғанын, ол 2021 жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетінін айтқан еді. Оның айтуынша, аталған станса біткен кезде аудандағы Қарағайлы, Қарғалы, Тастыбұлақ, Құрамыс ауылдарының 40 мыңнан астам тұрғынын сумен қамтамасыз етуі керек-тін. Алайда 2021 жыл аяқталғанымен, аталған сүзгі стансасының жұмысы аяқталған жоқ. Сәйкесінше, жергілікті халық таза суды күтумен күн кешіп жатыр.
Сағынтаевтан қалған мәселені Досаев шеше ала ма?
Қала әкімі болып тағайындала салысымен Ерболат Досаев Наурызбай ауданын аралап көген болатын. Жаңа әкімнің алдынан да экс-әкімнен қалған аудандағы қордаланған мәселелер көлденең шыға келді. Досаев Қарғалыдағы су сүзу стансасының жұмысы осы жылдың шілде айына дейін бітетінін айтып, жергілікті тұрғындарды сендіріп кетті. Ол сондай-ақ жаңа ауданда жалпы ұзындығы 149,6 шақырым су құбыры және 74,8 шақырым кәріз желілерін тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Әкім өзі айтқан жұмыстар толық аяқталғаннан кейін ауданның жоғарыда айтқан 150 мың тұрғыны ауызсумен толық қамтамасыз етілетін болады деп қуантты.
Мегаполистің бұрынғы басшысы тұсында неше рет айтылғанымен, шешімі табылмай келе жатқан сұрақтың бірі – Қарағайлы шағынауданы мен көршілес Құрамыс шағынаудандарындағы емхана мәселесі еді. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар әлі күнге дейін апатты жағдайдағы дәрігерлік амбулаторияның көмегіне жүгінуге мәжбүр. Нысан сейсмикалық қауіпті болғандықтан, 2018 жылы пайдалануға жарамсыз деп танылған болатын.
Ерболат Досаевтың ұсынысымен амбулатория орнына «Әлеуметтік қызметтер үйі» жобасы үлгісінде көпбалалы аналар үшін әлеуметтік нысан салынбақ екен. «Бұдан кейін тұрғындар осы апаттық жағдайда тұрған емдеу орнына да зар болып қалмай ма?» деген заңды сұрақ туындайды.
Жауапты шенеуніктердің айтуынша, түйткілді шешу үшін көршілес Құрамыс шағынауданындағы мемлекеттік меншіктегі 6 гектар жерге жаңа емхана мен балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Алайда айтылған емхана мен балабақшаның құрылысы нақты қашан басталып, қашан аяқталатыны туралы мәлімет әзірге жоқ.
Күресінге толы көшелер
Алматыны ары қарай дамыту мақсатында жаңадан қосылған екінші аудан ол – Алатау ауданы. Бұл ауданда да қала белсенділері мен тұрғындардың мазасын алған мәселелер жетерлік. Ең бірінші мәселе, сапасыз жолдар мен сын көтермейтін коммуникация.
Сонымен қатар дәл Наурызбай ауданындағыдай су мен кәріз жүйесі мәселесі де бұл ауданда өткір тұр. Жергілікті халық 14-аумақ деп атап кеткен шағынаудандағы инженерлік желілер құрылысы да сын көтермейді. Мәселені шешу мақсатында басталған бірнеше нысан аяқсыз қалып қойған. Бүгінде мұнда 2 460 жекеменшік үй орналасқан. Ол үйлерде 21 800 адам тұрады. Жергілікті тұрғындар 2017 жылы басталған сумен жабдықтау және кәріз бойынша жұмыстардың аяқталуын күтіп жүр. Осы құрылыспен айналысуға мердігер ретінде «Керегетас» ЖШС компаниясы танылған. Міндеттелген жұмыс сағызша созылып кеткеннен кейін жергілікті халық ана бір жылдары осы компаниямен сот алдына дейін барған. Сот аталған ЖШС-ны жауапсыздық танытты деп шешім шығарған. Алайда басталғанына бес жыл болса да, тартылған су жүйесі мен керілген кәріз тағы жоқ. Бұл мәселе де аудан тұрғындарының титығына тиіп отыр. Айтпақшы, осы шағынауданда әлі күнге түзу жол жоқ. Шенеуніктердің айтуынша, жоғарыда аталған жұмыстар толық аяқталмайынша, жол жабынын қалпына келтіру мүмкін емес көрінеді. Олардың уәжіне сенсек, қосымша артық шығын шығып кетеді.
Алатау ауданында «Шаңырақ-1 шағынауданындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы көшені жөндеп беріңдерші», – деп жергілікті тұрғындар зарлап жүргеніне де біраз уақыт болған еді, қала әкімі Е.Досаевтің пәрменімен болар «сең» бұзылып М.Өтемісұлы көшелеріне жөндеу жұмыстары басталған сыңайлы. Нәтижесінен хабардар ететін боламыз.
Ауданның кейбір көшелерінде қарапайым көше жарықтары да тартылмаған. Тартылғандарының өзі тастай қараңғы. Тұрғындардың айтуынша, бағананың басында селтиіп тұрған шамдардың біреуі де ақшамнан кейін жанбайды.
Жауапты тұлғалардың сөзінше, қала әкімінің аталған аудандарды аралап, танысу кезінде биыл Өтемісов көшесіне орташа жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданған көрінеді. Сондай-ақ шағынауданды сумен жабдықтау және кәріз желілерімен толық қамту үшін қала әкімі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды және инженерлік желілер құрылысын 2022 жылы аяқтауды қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырған көрінеді.
«Бұл мәселені әкімдер әр келген сайын айта-айта шаршадық. Өткен аптада жаңа әкім де келіп уәде беріп кетті. Бірақ кім біледі. Бұған дейін де талай шенеунік пен депутат та айтып кетті ғой. Шешкен бірі де жоқ. «Баяғы жартас – сол жартастың» күйін кешудеміз», – дейді Қабылқаят есімді қария.
«Зерделіде» зәреңді ұшыратын үйлер бар
Ана бір жылдары осы Алатау ауданында орналасқан Зерделі шағынауданында пайдалануға беріліп қойған көпқабатты тұрғын үйлердің іргетасы қозғалып, тұрғындардың бір зәресін ұшырғаны елдің есінде болар. Дәлірек айтқанда, тұрғын үй іргетасы қисайып қалған. Содан бері бірнеше жыл өтсе де, бұл мәселе түбегейлі шешілмеген. Сол кездегі қала басшылығы іргетасы сыр берген үйлерді қайта нығайту үшін шұғыл шара қолданып жатырмыз деп айтқан еді. Алайда әкімдіктің шұғылы шын мәнінде «шұғыл» болмаған сыңайлы. Себебі дәл қазір «Зерделіде» дәл осындай қауіпті көпқабатты 9 үй бар. Ол үйлерде тұрғындар атар таң мен батар күнді бір құдайға сыйынып күн кешуде. Алматының сейсмикалық қауіптілігі жоғары шаһар екенін ескерсек, бұл мәселе жуық арада шешімін таппаса, әлі де зәрені ұшыруы бек мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Мегаполистің атқамінерлерінің сөзіне сенсек, қала әкімі Ерболат Досаев дәл осы мәселені жақын арада біржола шешу үшін аудан әкімі Азамат Қалдыбеков пен жауапты басқармаларға нақты тапсырма берген көрінеді.
Қазақта «үлкен отауға не қажет болса, кіші отауға да сол керек» деген сөз бар. Сол сияқты Алматыға іргелесе қосылған екі ауданның мәселесі қалған алты ауданмен бірдей деңгейде шешілуі тиіс екені түсінікті. Бұл – қаланың экономикасымен бірге инфрақұрылымының біртұтас дамуына тікелей қатысты шаруа. Осы орайда осыдан екі жылдай бұрын қабылданған «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында атқарылуы тиіс біраз шаруа тоқтап тұрған сыңайлы. Әйтпесе, аталған бағдарлама ел аузында әжуаға ілініп, «Шексіз дала» бағдарламасы атанып кетуі де ғажап емес.
Нұрболат Адырбек
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через