Сауда орындарынан чекті қазақша басуды талап ету басталды

Сауда орындарынан чекті қазақша басуды талап ету басталды

Халық наразылығына құлақ асқан Ғылым және жоғары білім министрлігі құзырлы органдардан соның шешімін табуды сұрапты. Қынжылтатыны сол, Тіл комитетінің сауда орындарынан соны талап етуге қауқары, құзыры жетпей тұр. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ведомствоға бақылау-кассалық машиналары (БКМ) арқылы жасалатын операциялардың тіліне қатысты азаматтардан шағымдар көп түсіп жатыр.  

"Себебі Қазақстанда барлық сауда орындарында, банктерде, әуежайларда, қоғамдық орындарда, дәмханалар мен мейрамханаларда, дәріханаларда, кинотеатрларда және басқасының бәрінде БКМ арқылы берілетін түбіртек тек қана орыс тілінде басылады. Ал "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" заңының 4-ші бабына сәйкес, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл территориясындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады. Бұған қоса, 6-бап бойынша Қазақстан азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар", – деп ескертті меморган.

Әзірге қазақ тілділер бұл құқығын жүзеге асыруда үнемі қиындыққа кезігеді. Бұл мәселе аса маңызды. Мысалы, орыс тілін білмейтін атайлар, әжейлер және өзгелері сауда жасаған соң чекке қанша үңілсе де, онда не жазылғанын түсіне алмауы мүмкін. Ал кейбір алақол саудагерлер, немесе дүкен-супермаркет сатушысы егде тартқан адамның көзін ала беріп, өзі жеп қойған заттың штрих-кодын шиқ еткізіп енгізе қоюы мүмкін. Ондай оқиғалар болған.  

Чектен мемлекеттік тілдің шеттетілуі салдарынан азаматтардың құқықтары аяққа тапталады. Бұған тосқауыл қою Әділетті Қазақстанды құруға үлес қосар еді.

Халық үніне Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) аумақтық құрылымдары ден қойды. Салыққа, тиісінше фискалдық чектің басып шығарылып, клиентке тапсырылуына солар жауапты.

Учет.kz консультациялық компаниясының мамандары онлайн-кассаларда мемлекеттік тілде чек басу функциясы қолжетімді екенін хабарлады.

"Қазақ тілінде чекті қалай шығарып беруге болады? Біріншіден, өзіңіздің онлайн-кассаңызды ашасыз. Екіншіден, электронды цифрлық қолтаңбаңыз арқылы авторизацияланасыз. Үшіншіден, онлайн-кассаның оң жақ жоғарғы бөлігінде интерфейстің тілін таңдау қажет. Яғни "Қаз" батырмасын басқаннан кейін интерфейс мемлекеттік тілге ауысады. Тиісінше, чектер де қазақ тілінде басып шығарыла бастайды", – деп түсіндірді компания мамандары. 

Қорыта айтқанда, қазіргі кезде барлық БКМ аппараттары мен олардың бағдарламалық қамтылымы жаңартылған. Демек мемлекеттен талап болса, ал бизнесте соған құлық, ниет болса, бұл саланы да қазақыландыру тіпті де күрделі емес көрінеді.

Дереккөз inbusiness.kz. Фото: nalog.gov.ru