фото: El.kz ф
Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресінде ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясын таныстырды. Ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.
Ұлттық банк мәліметінше, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000, 20 000 теңгелердің дизайны өзгерген.
Жаңа банкноталар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады.
Халықаралық тәжірибеге сай банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады.
Жаңа банкноталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылданады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.
Жаңа дизайндағы банкноталар айналымға шығарылғаннан кейін алдыңғы үлгідегі банкноталар біртіндеп айналымнан алынады. Бұл кезең халыққа еш әсер етпейді.
Сонымен қатар, Ұлттық Банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайтын болады.
Ұлттық Банк ескі және жаңа үлгідегі банкноталардың 1 жыл қатар айналым кезеңін бекітеді. Ол қажеттілігіне қарай ұзартылуы мүмкін. Қатар айналым кезеңінде ескі және жаңа банкноталар заңды төлем құралы болып табылады. Олар барлық төлем мен аударымдар бойынша қабылданады. Олар Ұлттық Банктің, «Қазпошта» АҚ мен ЕДБ-нің барлық филиалдарында шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін барлық банк пен «Қазпошта» АҚ тағы 3 жыл ішінде ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастайтын болады. Осы 3 жыл өткеннен кейін Ұлттық Банктің филиалдары ескі дизайн банкноталарын мерзімсіз айырбастауды жалғастырады!
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через