фото: Pixabay
Жақында сенат депутаттары "Кейбір заңнамалық актілерге жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдаған болатын. Осыған сәйкес электрсамокаттарды реттеу мәселесі шешіледі. Самокат айдаушыларға қатысты енді қандай өзгерістер болады?
Заң жобасын сенатор Евгений Болгерт таныстырды. Оның сөзінше, заңның негізгі мақсаты қолданыстағы құқықтық оқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ, электрсамокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеу.
Екі ұғым енгізіледі
Енді осы заңға сәйкес:
"Шағын электр көлігі құралы" ұғымы енгізіледі. Онда оның техникалық сипаттамалары көрсетіледі және пайдалану тәртібі құқықтық регламенттеледі және жүргізушілер үшін тыйым салулардың тізбесі белгіленеді.
"Электрсамокат" ұғымы енгізіледі. Ол ең жоғары конструктив жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін орындар айқындалады, сондай-ақ, олардың жүргізушілеріне тыйым салулар енгізіледі.
Заң жобасы бойынша негізгі өзгерістер:
электрсамокат жүргізушілеріне жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен жүруге рұқсат етіледі;
электрсамокат жүргізушілері 18 жастан асуы керек;
кез келген санаттағы көлік құралын тек жүргізуші куәлігі арқылы басқаруға болады;
көлік құралын басқару үшін түймеленген дулыға (шлем) болуы керек;
қараңғы кезде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуін қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын зат болуы керек;
тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолы бойынша электрсамокаттардың сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруіне жол беріледі.
Шлем, жүргізуші куәлігі және шағылыстыратын киімінсіз самокат тебетіндер қалай жазаланады?
Енді электрсамокат жүргізушілері екі бап бойынша: Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін айыппұл, бұл - 620-бап, оған барлық басқа құқық бұзушылықтар да кіреді, 5 АЕК айыппұл.
Электрсамокат айдаушылар көшеде қай жерде жүруі керек?
Сенатор Евгений Болгерттің сөзінше, электрсамокаттар айдаушылар велосипед жолымен жүруі керек. Егер велосипедке арналған жол жоқ болған жағдайда негізгі жолдың оң жақ шетімен жол ережесін сақтай отырып жүру керек. Ол үшін электрсамокат айдаушының жасы 18-ге толған болуы қажет.
Тағы бір маңыздысы - самокат айдаушы шлем тағып, түнде жанып тұратын киіммен жүріп, кез келген категориялы көлік жүргізу құқығы болуы қажет.
Егер электрсамокат иесі тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүретін болса жылдамдықты сағатына 6 шақырымға төмендетуі керек.
Сонымен қатар, мопед, велосипед, шағын электр көлік құралдарының иелеріне де шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, 18 жасқа толуы керек, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігінің болуы қажет, түймеленген дулығаның (шлем-еск.) болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін жарық шағылыстыратын киіммен жүруі қажет.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс электрсамокатқа қатысты заң жобасын мақұлдаған болатын. Жобаға сәйкес, самокаттар көлік құралы ретінде танылды.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через