Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш театры. Таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған театр бүгінгі таңда 87-ші маусымының есігін ашты. Бүгінде кішкентай бүлдіршіндерден тыс ересектерге арналған кешкі қойылымдарды да сахналап, жаңа форматқа көшкен өнер ордасы әлемнің классикалық туындыларын қуыршақтар бейнесінде сөйлетіп, ұлттық қуыршақ театры өнеріне жаңа тыныс сыйлауда. Бұған дейін сахна төрінде көрерменмен қауышып, республикалық, халықаралық фестивальдерде сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, қанжығасын жүлделі орындармен майлап жүрген «Ана жүрегі», «Ана-Жер Ана», «Медея» сынды ересектерге арналған қойылымдар қатары «Ромео мен Джульетта», «Макбет. Иллюзия» шығармаларымен толысқан.
Ұлы драматург Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» оқиғасы режиссер Дина Жұмабайдың сахналауымен 2019 жылы 24 қаңтарда көрерменге жол тартқан болатын. Осы күнге дейін тек драма театрлар сахнасынан көріп жүрген бұл қойылымның құрылымы ерекше. Оның мысалы актерлардың спектакльде бір ғана емес бірнеше рольді ойнауы. Актриса Сақтағанова Арай – леди Капулетти, леди Монтекки, Розалина; актер Құлназаров Шохан – Лоренцо пірәдар, Тибальт, синьор Капулетти, синьор Монтекки; актриса Байырбекова Арайлым – күтуші және актер Камалов Мақсат – Меркуцио, Эскал, Парис, Балтазар, Бенволио сынды көптеген кейіпкерлерге қуыршақ арқылы жан бітіріп өздерін жаңа қырынан танытты. Басты рольдегі Ромео мен Джульетта бейнелерін қуыршақсыз актерлар ойнаған (Амангелдіұлы Ғалым мен Төребай Салтанат). Қос ғашықтың бір-біріне деген ынтықтығын, пәк махаббатын, адалдығы мен шексіз сезімін көрерменге шынайы көрсете білді.
Қойылым адам бойындағы қанды кек пен қызғанышты, менменшілдік пен пендешілік сынды қасиеттерді жеңген мөлдір махаббат туралы. Ескі көзқарастағы ата-аналар, оларға қарсы шыққан бір-біріне ессіз ғашық екі жас... Заманауи бағыттағы әуенмен әрленгеннен, актерлардың сөз саптауынан спектакль қазіргі заманныңатмосферасын сезіндіреді. Байырғы Ромеоның Джульеттаға зәулім сарайындағы балконына келетіні сынды сахналар жоқ. Бүгінгі күннің ағымына сай минимализм стилінде қойылған. Реквизиттердің біршамасы қарапайым ақ қағаздан жасалған. Тіпті, қуыршақтар да ақ қағазға оранған. Спектакль басталмас бұрын екі бұрышта ақ түсті екі қабырға. Оқиға басталысымен Ромео мен Джульетта ол қабырғалардың бірін Капулетти әулетіне, бірін Монтекки әулетіне тиесілі екенін білдіргендей түрлі бояулармен бояп қояды. Оқиға өрбіп шиеленісе бастаған сайын қабырғадағы бояуларда көбейе бастайды.
Қойылымдағы Меркуционы сахналаған актер Мақсат Камаловтың қуыршақпен жұмыс жасауы, одан бөлек өзінің де кәсіби ойыны арқылы кейіпкерді толықтай аша білді. Ромео екеуінің диологы барысындағы сахналарда қуыршақпен жасаған іс-әрекеттері арқылы, өзінің дауыс иірімдері арқылы көрерменге күлкі сыйлап, ыстық ықыласқа бөленді. Джульеттаның күтушісі роліндегі Арайлым Байырбекова өз қожайынына адалдығын, Джульеттаға деген қамқорлығын көрсетіп, көрермен жүрегіне жеткізе ойнады. Қуыршақпен жасалған әрбір іс-қимылы да дауысы да үйлесімді. Сонымен қатар, қойылымның балетмейстері Анна Цойдың да еңбегін ерекше атаған жөн. Спектакльдің идеясы мен атмосферасына сай ерекше стильде би қойған. Талант иесі екенінің, өз ісінің маманы екенінің тағы бір дәлелін көрсетті. Оқиға Ромео мен Джульеттаның өлім трагедиясымен аяқталды.
Қуыршақ театрының осындай ересектерге арналған сапалы, фестивальдерде топ жарар қойылымдарының қатары көп болуына тілектеспіз!
Ақерке САДУ,
«Театртану» мамандығының 1 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через