фото: Фото: РБК
Шығын шеккен қазақстандық селлерлердің жағдайы не болады?
13 қаңтар түнде Санкт-Петербург қаласындағы Пушкин ауданында орналасқан Wildberries маркетплейсінің алып қоймасы жанып кетті. Бұл туралы Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Федералдық телеарналардан жарияланған ведомствоның бастапқы дерегінде өрттің 5 мың шаршы метрден астам ауданды "жалмағаны" ғана айтылды. Ресейлік билік бұған "досқа күлкі, дұшпанға таба" болмау, немесе өз халқын алаңдатпау үшін барса керек. Кейін мамандар бұл бағалауды жоққа шығарды.
Өйткені бұл – әлемнің әр түкпірінен әкелінген импорттық тауарларға және ресейлік, қазақстандық өнімдерге лық толы алып қойма еді.
Өртті ауыздықтауға үлкен ресурс жұмылдырылды. Атап айтқанда, бірден 57 өрт сөндіру және басқа техникасы, 270 маман тартылған.
Өртке ең жоғарғы, бесінші қауіптілік деңгейі (төтенше қауіпті) белгіленді.
Компанияның хабарлауынша, қоймада болған адамдар эвакуацияланып үлгеріпті. Wildberries өзі арқылы өнімін сатушы компанияларға жойылған немесе жарамсыз болып, бүлінген тауарлары үшін өтемақы жасауға уәде етті.
"Бүгін Шушары кентіндегі қоймада өрт тұтанды. Адамдар эвакуацияланды. Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жетіп, өртті сөндіруге кірісті. Компанияның басшылығы тарапынан барлық қажетті жәрдем көрсетілді. Келтірілген залал көлемі нақтыланып жатыр. Шушарыдағы қоймада болған тауарлар маркетплейстің сөресінен алып тасталады. Сатып алушыларға жоғалған тапсырысы үшін ақшалары қайтарылады. Сатушылар жойылған немесе бүлінген тауарлары үшін өтемақы алады", – делінген Wildberries түсініктемесінде.
Бірақ бұл уәденің қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлерге таралатын-таралмайтыны белгісіз.
"Wildberries питерлік "Шушарада" тарату орталығын салуға 3 миллиард рубльден артық қаражат шығындап еді. Егер бұған жабдықтарды, тауарларды және басқасын қосса, шығыны еселеп, шығандайды. Мамандардың айтуынша, шынында жалын 50 мыңнан астам шаршы метрді қамтыған. Тараған видеолардан "Жидектің" (Wildberries солай аударылады) жанып жатқан қоймасынан көтерілген қою түтіннен Петербордың аспаны қап-қара болып кеткенін байқауға болады", – деп мәлім етті ресейлік SHOT онлайн-арнасы.
Ресейлік ТЖМ-нің хабарлауынша, Wildberries қоймасындағы өрттің тұтануының алдын ала себебі ретінде "сымдардағы ақаулар" белгіленді.
Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, қоймада "өрт дабылдатқышы" әдейі сөндіріп қойылыпты. Себебі, бұған дейін, соның ішінде бір апта бұрын дабылдатқыш бірнеше рет іске қосылып, айналасын басына көтеріп, апыр-топыр еткен. Бірақ ол дүрбелеңдердің бәрі "жалған дабыл" деп танылған.
Тағы бір сорақы дерек әшкереленді. Қойма ресми түрде қолданысқа берілмепті, құзырлы органдар қабылдап алмаған. "Росреестрде" нысан туралы мәліметте жоқ. Сондықтан оны бақылаушы-қадағалаушы органдар ерекше бақылауына алыпты. Ол бақылаудан түк нәтиже шықпағанын алау паш етті.
Қалай болғанда, егер қазақстандық компаниялар "тілсіз жауға" жем болған тауары үшін тиісті өтемақы ала алмаса, осы бұзушылықтар негізінде сотқа жүгіне алады.
Соңғы деректер бойынша өрт алаңы 70 мың шаршы метрді құрады. Бүгінде от "локализацияланған". Яғни, бықсуы жалғасқан. Қойманың ауласын қосқандағы бүкіл жалпы ауданы шамамен 122 мың шаршы метрді алып жатыр.
Өз кезегінде РБК өрттің бір нұсқасы ретінде "қасақана өрт салу" да қарастырылғанын жазды. Wildberries барынша қаражат үнемдеу үшін өз қоймаларындағы жұмысқа негізінен мигранттарды жалдайтыны бұрыннан айтылып келеді.
Содан полицейлер, Росгвардиямен бірлесіп, Украинадағы соғысқа аттандыру үшін оның әр қаладағы қоймаларында тінту жүргізіп, келімсектерді іздеді, жүздеп ұстады.
Мысалы, былтырғы 30 қарашада Тула облысының Алексин қаласындағы Wildberries маркетплейсінің үлкен "тауар тарату қоймасына" полицейлер сау ете қалды. Оның барысында күш құрылымдары Ресей азаматтығын алған, бірақ әскери есепке тұрмаған посткеңестік елдердің экс-азаматтарын ұстап алып кетті.
Биылғы 10 қаңтарда компанияның Петербордағы дәл сол қоймасының жанында мигранттар төбелескен. Салдарынан, Әзербайжан азаматы болып табылатын 33 жасар Wildberries қызметкері ауруханаға түсті. Бұдан бөлек, Тәжікстанның 35 жасар жұмыссыз азаматы да зардап шеккен. Сол оқиғадан кейін ресейлік күш құрылымдары аталған қоймада бірнеше күнге созылған ірі рейд жүргізді.
Бірақ мамандар өрттің туындауына компанияның өзі кінәлі болса керек деген пікірде.
Forbes анықтағандай, Wildberries-дің петерборлық қоймасындағы өрттен келген залал алдын ала "10-20 миллиард рубльден асады" деп бағаланып отыр. Forbes сұрау салған ресейлік сарапшылардың байламынша, маркетплейстің бұл шығынын сақтандыру есебінен өтей алуы неғайбыл. Өйткені жанып кеткен қойма қолданысқа беруге рұқсат алмаған. Тиісінше, ол сақтандырыла алмайды.
"Өрттен келген залал 20 миллиард рубльге дейін баруы мүмкін. Қойманың өзі 5 миллиардтай тұрады. Бірақ шығынның негізгі бөлігі, әрине, запаста тұрған тауарлар қоры. Оның сомасы 10-20 миллиард рубльге барса керек", – деді Бүкілресейлік сақтандырушылар одағының өкілдері.
Осы маркетплейс арқылы өз тауарларын сатпақ болған қазақстандық, ресейлік компаниялар алапат шығынға отырғанға ұқсайды.
Электрондық коммерция саласындағы TOGO компаниялар тобының тең негізін қалаушысы Антон Бестугиннің мәліметінше, әңгіме орасан зор ауқым туралы болып отыр. Wildberries маркетплейсі арқылы барлық елдерден тапсырыс берілген бүкіл тауарлардың 9%-ға жуығы дәл сол өртеніп кеткен қоймадан артып, тиелетін.
Wildberries өз маркетплейсі арқылы тауарын сататын компанияларға жойылған-бұзылған тауары үшін қандай өтемақы беретінін айтпады: "Шығын өтеледі, бірақ мөлшері нақтылануда" деген сырғытпа жауаппен құтылды.
Бұған селлерлердің өздері сенбей, шүбәланады.
"Мен өтемақы береді деп күтемін. Сатушылар маркетплейске тапсыратын тауарларын сақтандыра алмайды, ондай опция қарастырылмаған. Сондықтан өтемақы болғанның өзінде ол құртылған тауардың құнын толық өтейді деп үміттене де алмаймын", – деді Forbes-қа сұхбат берген Wildberries селлерлерінің бірі.
Сарапшылар бұдан бұрын тағы бір ресейлік маркетплейс – Ozon да осынша шығын шеккенін еске салды. 2022 жылғы тамызда оның Мәскеу түбіндегі қоймасы да өртеніп кетті. Сонда компания өрттен келген залалды 10,8 миллиард рубльге (шамамен 60 миллиард теңгеге барабар) бағалады. 2022 жыл қорытындысына арналған Ozon есебінен әшкереленгендей, компания сақтандыру төлемдерін ала алмаған.
Wildberries маркетплейсі де сақтандыру өтемақысын ала алмайды. Өйткені ол Санкт-Петербургтің "Госстройнадзор" мекемесіне өзінің қойма кешенін ресми қолданысқа беруге рұқсат сұрап жүгінбепті. Бұл туралы аталған мекеменің өзі жариялады. Ал мұндай рұқсаты жоқ нысандарды сақтандыру компаниялары сақтандыруға құлықсыз.
Wildberries ресейлік халықаралық интернет-дүкенінің негізін 2004 жылы ресейлік бизнесвумен Татьяна Бакальчук қалаған. 2014 жылдан бастап, Wildberries Қазақстан нарығына шығып, тапсырыс қабылдауға және тауар жеткізуге кірісті.
Жалпы, қазақстандық кәсіпкерлер халықаралық нарықты игерген ресейлік маркетплейстердің зорлықшылдығына, қазымырлығына шағымданып жүр.
Кәсіпкер Жандос Нұрасылдың айтуынша, олар өзімен ынтымақтасатын тауар өндірушілерді, компанияларды дүркін-дүркін өз тауарына акция жариялап, үлкен жеңілдік сатуға мәжбүр етеді екен.
"Осы арқылы олар клиенттер арасындағы танымалдылығын арттырады. Біздің есебімізден танымал болады. Ал бізге үнемі бағаны түсіре беру шығын әкеледі. Бірақ басқа амал жоқ. Қазақстан өзінің халықаралық маркетплейсін құрмай, ілгерілетпей отыр", – деді кәсіпкер.
Ресейлік маркетплейстер өз серіктестерінің тауарларына да немқұрайлы қарайтынын ақпарат құралдары жазып жүр. Мысалы, біраз тауар тасымалдау, сақтау кезінде бүлініп, былғанып, қорабы бұзылып, олар селлерге – сатушы компанияға кері қайтарылады.
Өз қоймаларын салу кезінде Wildberries-дің құжаттарының дұрыс болмауы фактілері жетіп артылады. 2023 жылғы қыркүйекте Екатеринбург билігі бұл маркетплейсті сотқа берді. Өйткені қойма құрылысына құжаттардың бәрін алмай жатып, оны тұрғызуға білек сыбана кірісіп кеткен.
2021 жылы Мәскеу облысының билігі Колединодағы Wildberries логопаркін тіпті сүріп тастауға талпынды. Бой көтерген объектінің параметрлері жобалық құжаттамасына сәйкес келмеген.
Ал 2023 жылдың тамызында Мәскеу түбіндегі Электростальда орналасқан Wildberries қоймасының шатыры күйреп, тауарлар шүмектеп жауған нөсер жайынның астында қалып, бүлінді. Сонда селлерлердің бәрі бірдей өтемақы ала алмапты.
Форбс тұжырымдауынша, Wildberries Петерборда ресми іске қосылмаған қойманы пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через