фото: https://sputnik.kz
Ресей Астанаға ыңғайлы кез келген форматта Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын, деп мәлімдеді Ресей СІМ ТМД елдері үшінші департаментінің директоры Александр Стерник РИА Новостиге берген сұхбатында.
"Біздің серіктестеріміз осы саладағы озық технологияларды игеруге мүдделі. Ресей олар үшін кез келген ыңғайлы форматта, соның ішінде көпжақты кооперацияда ынтымақтастыққа дайын. Қазір жобаның параметрлері, оның қаржылық моделі туралы келіссөз жүргізіліп жатыр", - деді дипломат.
"Ресейлік АЭС дизайны үнемді әрі сенімді, сонымен қатар озық технологияларды беру, ұлттық құзыретті кадрлар корпусын қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту секілді мультипликативті әсер береді", - деп толықтырды ол.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Қазақстан атом электр станциясының орналасқан жерін анықтағанын және әлеуетті жеткізушілердің технологияларын зерттеп жатқанын айтқан болатын.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов кейінірек атом электр станциясын Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағасында салу жоспарланып отырғанын, ал станцияны салу үшін технология жеткізушісі таңдалмағанын айтқан. Бұл мәселе осы жылдың соңында және келесі жылдың басында шешілетін болады. Қазақстанда АЭС салғысы келген компаниялар: Корей мемлекетінің KHNP, Қытайдың CNNC, ресейлік "Росатом" және француздық EDF компаниялары.
Қыркүйек айында "Самұрық-Қазына" қазақстандық мемлекеттік қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына үздік әлемдік технологияларды пайдалану үшін шетелдік серіктестер пулымен бірлесіп жұмыс атқарылатынын айтты.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через