Қызылордада "Қырық жеті" дәстүрі жаңғыртылды

Қызылордада "Қырық жеті" дәстүрі жаңғыртылды
фото: Фото: Маханбет Ахметов

Бұл – қыздың қалыңмалына қатысты бар дәстүр.

Ұйымдастырушылар ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлердің мән-маңызын ашып, көрініс арқылы кеңінен насихаттауға бел буған.

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында "Қырық жеті" дәстүрі сахналанды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ауданның өнерпаздары көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлап отыр.

"Қырық жеті" – қыздың қалыңмалына қатысты қолданыста болған дәстүр. Шыны керек, қазір ұмытылды. Қазақ халқы қыз дүниеге келсе – "қырық жеті", ұл болса "атұстар" деп сүйінші сұраған. "Қалыңмалға қырық жетіні матап бердім" деген сөз содан қалса керек. "Қырық жеті" дегені, осынша бас малды білдірген. "Неге 48 немесе 50 емес?" деген пікір айтылуы мүмкін. Қазақ неліктен 47-ге тоқтаған?! Мұның да өзіндік себебі бар.

Ұлтымызда 40 пен 7 саны әлімсақтан қасиетті саналған. Қырықтың бірі – Қыдыр, қызға қырық үйден тыйым, қырық күн шілде немесе қырқынан шығару десе, жеті қазына, жігітке жеті өнер де аз, жеті қат жер мен жеті жұрт сынды қалыптасып, болмысымызға сіңіп кеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, ырым-тыйымымыз бар. Қыздың қалыңмалына қырық пен жетіні қосып, "қырық жетіге" тоқтауы – осыдан, - дейді ұйымдастырушы, "Қаракеткен ауылдық клубының" директоры Гүлнар Ералиева.

Одан соң өнерпаздар ұлттық болмысты барлық сән-салтанатымен арқау етіп, үйлескен ұлттық киіммен нағыз қазақылықты паш етті. Еңкейген қариясы мен еңбектеген баласы да 19 наурыз – Жаңару күніне орай тал егу акциясына белсене қатысып, әз-Наурыздың ажарын айшықтай түсті.

ҚазАқпарат