Қызылорда тұрғыны 20 мың теңгені принтермен басып шығарған

Қызылорда тұрғыны 20 мың теңгені принтермен басып шығарған
фото: sputnik.kz

Қызылорда қаласының тұрғыны жалған ақшамен ұсталды. Ол 20 000 теңгелік қағаз ақшаны принтермен басып шығарған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу материалына сәйкес, 28 жастағы ер адам жанар-жағармай құю бекеті мен автобөлшектер сататын дүкенде тауар ақысын жалған ақшамен төлеген. Ал қайтарымына түпнұсқа банкноттар алған.

"Криминалист мамандардың зерттеуі барысында өткізілген банкноттардың Ұлттық банктің ақша белгісіне сәйкес келмейтіні және принтерде басып шығарылғаны анықталды", - делінген ресми хабарламада.

Қазіргі кезде қала тұрғыны жалған банкноттарды сақтау және бірнеше рет өткізу фактісімен жауапқа тартылып отыр. Ол өз кінәсін толық мойындады. Барлық материал сотқа жолданды.

Айта кетері, Қылмыстық кодекс бойынша мұндай қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазақпарат

20 мың теңгелік банкнот, архивтегі фото