Қызғалдақты жұлғандар анықталып жатыр

Қызғалдақты жұлғандар анықталып жатыр

Түркістан облысында қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлушылардың жеке басы анықталып жатыр.

Әлеуметтік желіде қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлып, табиғатқа зиян келтіріп жүрген азаматтардың видеосы тарады. Онда табиғат аясында демалушылар қызғалдақтардың үстімен жүріп, таптап бара жатқанында көруге болады. Оқиға «Шымкент – Түркістан» тасжолы бойындағы Темірлан ауылының маңында болған.

Бұл туралы экобелсенді Ғани Назарбек әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Ал Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған бейнежазбадағы азаматтардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліліп жатқанын жеткізді.

«Грейг қызғалдақтарын қызықтап, суретке түсу үшін келген азаматтар мен қонақтар, аталған өсімдіктің Қызыл кітапқа енгеніне назар аударуы керек. Егер жұлу, зиян келтіру жағдайы орын алса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Кінәлі азаматқа  3000 АЕК-ке (1 АЕК – 3450 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, болмаса 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі, не мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылады», - делінген ақпаратта.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото priroda.club