фото: Түркістан облысының әкімдігі
Түркістан облысында бір күнде 2 кәсіпорын ашылып, 1 зауыттың капсуласы салынды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін «TURKISTAN» индустриалды аймағында Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костьюм шығаратын жобаны да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ, «TURKISTAN» индустриалды аймағында жиһаз шығаратын кәсіпорын іске қосылды.
Мұнда 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған кәсіпорын облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды.
Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге. Жаңадан 32-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Мұнда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылады деп жоспарланған. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кеткен.
Салтанатты шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен инвесторлар арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. «Panel Sistem KZT» компаниясы жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Біз инвестиция тарту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Жұмыстар жалғасады. Бастамаға сәттілік және табыс тілеймін!» – деді Дархан Сатыбалды.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Тағы бір жаңалық, Түркістанда пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ұлттық сусын соңғы процеске дейін өңделіп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарылады.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через