Қымызда қандай дәрумендер бар және ол қай ауруларға ем?

Қымызда қандай дәрумендер бар және ол қай ауруларға ем?

Бие сүтінің құрамында А, Ві, Bi2, D, С, Е, F және т.б. дәрумендер бар.

Қымыз – қазақ халқы үшін ежелден дәм де, дәрі де, ем де болған ұлттық сусын. Бүгінде оны шөлді қандыратын сусын ретінде ғана емес, туберкулез, рак, тұмау секілді түрлі аурудың емі ретінде қолданады.

Бие сүтінің құрамында қандай дәрумендер бар?

Бие сүтінің химиялық құрамын зерттеген ғалымдардың мәліметінше, қымызда А, Ві, Bi2, D, С, Е, F және т.б. дәрумендер бар. Мысалы, бір литр қымызда:

  • А дәрумені мен каротин 0,092-0,690 мг;
  • С дәрумені 86, 94 – 135 мг;
  • аскорбин қышқылы 145 мг көлемінде кездеседі. 

Қымыз құрамындағы С дәруменінің мөлшері ашу процесімен тікелей байланысты. Медицина ғылымдарының кандидаты В.Ю. Шило мен ғалым Г. Рахимовтың зерттеуінше, бір литр бие сүтінде 99,98 мг С дәрумені бар. Ал ғалым Хабдрахман Дүйсембин мәліметінше, 3-4 жасында бірінші рет құлындаған бие сүтінің құрамында С дәруменінің ең көп мөлшері – 161,2 мг, 15-17 жастағы көп құлындаған бие сүтінде азырақ 124,2 мг болады. 

Мұнымен қатар, қымыз күн мен ультракүлгін сәуле әсерінен түзілетін D дәруменіне бай, әсіресе, уыз құрамында мол кездеседі. Р. Давидов пен М. Ермакованың зерттеуінше, бір литрінде 0,65-1,05 мг Е дәрумені бар. Мұнымен қатар, холестерин алмасуды реттейтін F дәрумені де кездеседі.

Сурет: Informburo.kz

Қымыз қандай ауруларға ем?

Сондай-ақ, бие сүтінде В тобына жататын тиамин, рибофлавин, никотин және пантотен қышқылдары, биотин, фоли қышқылы, Bi2 дәрумені және тағы басқа бар. Бұл дәрумен бірінші кезекте "бери-бери" (жүйке жүйесінің қабынуы – ред. түсіндірмесі) ауруына шалдыққан науқастарға ем. Аталған ауруға шалдыққан науқастың қарын сөлі аз бөлініп, тәбеті нашарлайды, бұлшық еті әлсірейді, ұйқысы қашады және асқынған жағдайда адам сал болып қалады. Бұдан өзге В2 және А дәрумені қосылып көру ағзаларына оң әсерін береді. 

Ғалымдардың айтуынша, қымызды ашытқан кезде дәрумендер мөлшері өзгереді. Биотин, тиамин, Bi2 дәрумендерінің мөлшері азайса, пантотен қышқылы азаяды, рибофлавин, фоли қышқылы сол күйінде қалады. 

Профессор Н.К. Горяев бие сүтінің адам ағзасына оң әсерін тигізуі туберкулезді емдеуге көмегі мол кальций тұзының көптігімен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан. Қымыздағы кальцийдің жартысына жуығы сүт ақуызының құрамына кіретіндіктен, ағзаға жылдам әрі толық сіңеді. Кальций ағзадағы минералдардың алмасуына әсер етіп, өкпе туберкулезінен пайда болған қуыстарда ізбес тұздарының жиналуына себепші болады. 

Бұдан өзге бие сүтінде қанның маңызды бөлшектері мыс пен кобальт көп. А. Кособрюховтың мәліметінше, бір литр қымызда 1,60 мг мыс бар.

Сурет: Informburo.kz

"Бие сүтінің табиғаты ана сүтінікіне жақын"

Қымыз әзірлейтін Тараз қаласындағы зауыт басшысы Дүйсенбек Ыбыналиев бие сүтінің пайдасы адамдікімен бірдей екеніне тоқталды. Жылқыда өт болмайтындықтан, оны қайнатпайды және стерилдемейді. Бұл туралы Донецк медицина институтының ғылыми қызметкері Е.П. Гребенникова мен басқа да әріптестері айтқан. 

"Басқа сүттер секілді қайнатылмайтындықтан, құрамындағы барлық микроэлемент сол күйі сақталады. Бұрын шала туған жеті айлық сәбилерге осы бие сүтін берген. Туғанынан саумал ішкен бұл балалар тоғыз айында туып, ана омырауын еміп өскендерге қарағанда әлдеқайда мықты болған. Өзім дәрігер де, тәуіп те емеспін, тек нақты анализдердің нәтижесіне сүйеніп айтамын. Соңғы жылдары бізге келіп бие сүтін ішкісі келетін азаматтарға алдымен анализ тапсыруға кеңес беріп келдім. Кейін он күн қымыз ішкен соң сол анализдерді қайта тапсырып, ағзасында қандай өзгеріс болғанын өздері көреді", – деді Дүйсенбек Ыбыналиев. 

Мұнымен қатар, зауыт басшысы көп жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, аурухана емдеуден бас тартқан әйелдің оқиғасын баяндады. Әйел адам екі жыл бойы бие сүтін ішіп онкологиялық аурудан айыққан. 

"Қымыз адам иммунитетін жақсартады және оны адам салмағына қарай өлшеп ішу қажет. Яғни артық салмағыңыз көп болса, соғұрлым көбірек ішіңіз. Бұдан өзге бие сүті қан аздық ауруын емдеуге көмектеседі", – деп қосты Дүйсенбек Ыбыналиев. 

Сурет: Informburo.kz

Қымызды қалай ішу керек?

Ғалымдар асқынған ауруы бар адамдарға қымызды түскі және кешкі тамақтан 1-1,5, сағат бұрын ішуге кеңес береді.

Құрамындағы көмір қышқылы әсерінен ішкен адам кекіріп, мұрны аши бастайды. Зәр айдайтын қасиеті болғандықтан, ұйықтар алдында ішуге болмайды. Аз мөлшерде ішсе, жайлы ұйықтауға көмектеседі. Керісінше жатар алдында көп ішсе, адамның жүйке жүйесі қозып мазасы қашады. 

Кейде адам қымыз ішкен соң лоқсып, жүрегі қыжылдайды. Бұл белгілер тек алғашқы күндері байқалуы мүмкін, дейді зерттеушілер.  

Informburo