Конституция күніне орай «Күй атасы» атанған ұлы композитор, дәулескер домбырашы, өнерімен өнеге қалдырған Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші жанында мәдени-рухани шара өтті.
Оның мақсаты – халқымыздың төл өнері ретінде күйді дәріптеп, ұлы күйшінің ұшан-теңіз мұрасын қайта жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа таратып және оларды жастар арасында насихаттау.
Бұл шара қадірменді қонақтардың Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Қоғам қайраткері, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев сөз сөйлеп, 3 рет «Күй жәрмеңкесі» өткізілгенін және осы күнге дейін арнайы шеберлерге 185 домбыра жасатып, еліміздің түрлі нысандағы өнер мектептеріне тегін таратылғанын айтты.
Енді азаматтардың және ақсақалдар алқасының қолдауымен «Күй атасы» атанған дауылпаз күйші-композитор Құрманғазы бабамыздың ескерткіші жанында 4-ші мәрте «Күй жәрмеңкесі» өткізілгелі тұрғанын хабарлады.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйлердің тарихын зерттеуші, профессор Айтжан Тоқтаған өз сөзінде Құрманғазының мектебі мен шығармашылығы, сондай-ақ мәдени мұрасының маңыздылығы туралы мағлұмат берді.
Белгілі өнер иелері Тұрар Әліпбаев пен Анар Мұздаханова Құрманғазының бірнеше күйін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
ҚР Мәдениет қайраткері, дирижер, композитор Нұрлан Бекенов Аслан Асқарұлы атты жас дарын иесіне ақ жол тілеп, домбыра сыйлады. Күйші бабаның екі күйін тартып, олардың шығу тарихын баяндап берді.
Ақын, сазгер Әбдіғани Бәзілханұлы өзінің жүрекжарды арнауын жеткізді.
Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-курс студенті Тілеулес Нұрлыбек Халық ақыны Хамит Ерғалиевтің Құрманғазыға арналған поэмасынан үзінді оқып берді.
Ақын Айбатыр Сейтақ өз кезегінде Құрманғазы Сағырбайұлына арналған «Ұлы даланың дүлдүлі» атты өлеңін оқып берді.
Әдеттегідей күй сайысы өткізілді. Оған көрермен арасынан үміткерлер қатысты.
Бақ сынағандарға қазылық жасағандар атынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші ұстаз Орынбай Дүйсен шығарылған қорытындыны жария етті.
Бас бәйгеге ие болып, жеңімпаз атанған Дәулет Оңғарға үкілі домбыра сыйға тартылды. Өзге жүлдегерлерге кітаптар табыс етілді.
Осы күй кешін Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі, Есіл ауданының әкімдігі, Қазақ ұлттық өнер университеті және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через