Құмар ойынға салынған жігіт 155 миллион теңгесінен айырылды

Құмар ойынға салынған жігіт 155 миллион теңгесінен айырылды
фото: https://sputnik.kz

Букмекер компаниялардың қаржы айналымы бір жылда бақандай сегіз жарым есе өскен. Бұл шамамен 450 млрд теңгеден асады. Жарнамаға шектеудің жоқтығы және қолма-қол қаржысы жоқ ойынқұмар адамдарға несиеге ойнау сияқты қитұрқылықтың ұсынылуы букмекерлердің ақша айналымын да, сәйкесінше табысын да еселеп өсірді дейді сарапшылар.

Соның салдарынан барынан айырылып жатқан адамдар көп. Тіпті құмар ойыннан құтыла алмай, арнайы орталыққа түсетін жастардың саны артқан, деп хабарлады КТК.

Шын атын атап, түсін түстемеуін өтінген жігіт өзін Асқар деп қана таныстырды. Небәрі 21 жасында құмар ойын мен есірткіге тәуелді болғандардың бірі. Бәрі он жасында бәс тігуден басталыпты. Алғашында қызыққан ойыны кейін құмарға айналған.

Бір күннің ішінде 55 миллион теңгеге ұтылып, күйзелістен шықпақшы болып нашаға да әуестенген. Осылайша айналдырған 11 жылдың ішінде 155 миллион теңгесі желге ұшқан.

"Әке-шешем криминалда жүргенімді біліп қойып, "менде ұл жоқ, сен маған керек емессің" деп айтты. Сол кезде эмоционалдық жағынан ең қиын уақыт болды. Содан кейін оңалтуға жаттым. Жүйкем бұзылғанда үйден бүкіл алтынды шығарып, ақша ұрлап, бәрімен ұрсысып кетіп қалған едім", - дейді Асқар.

Асқардан бөлек осы орталықта тағы 50 адам емделіп жатыр. Оның 20-сы – ойынқұмар. Қалғаны есірткі мен ішімдікке әуес. Мұнда жылына тәуелділіктен арыла алмай жүрген 100-ге жуық адам түседі. 90 пайызын жақындары мәжбүрлеп әкелген.

Орталықтағылар ойынқұмар адам көбіне есірткі мен ішімдікке де тәуелді болады дейді.

"Ойынқұмарлықтың ішінде ішімдік те, наша да жүреді. Үшеуі бірге емделеді. Адам бастапқы кезде мойындамайды. Ата-анасы арқылы келген кезде мойындамайды, "мен тәуелді адам емеспін, маған кедергі жасамаңдар, өміріме араласпаңдар, мен өзім білемін, не істеу керегін" дейді. Сол жағы бізге қиын. Біз психологиялық тұрғыда емдейміз", - деп атап өтті емдеу орталығының бөлім басшысы Саламат Әкімішов.

Ойын бизнесі саласындағы азаматтардың құқығын қорғау қауымдастығы букмекерлік кеңселер мен онлайн казинолардың ақша айналымы ресми мәліметтен әлдеқайда жоғары деп отыр. Ал ойынқұмарлардың көбеюі пандемия мен әр жерден жылт еткен жарнаманың кесірі дейді.

"Бізде ойын бизнесі қызметі жарнамасына тыйым салынбаған. Еш шектеу жоқ. Сондықтан осындай мүмкіндікті ойын бизнесінің өкілдері кең қолданып жүр. Яғни олар ақшаң болмаса, несиеге тігуді және әртүрлі депозит ұсынады. Бұл – адамдардың қалтасынан ақшаны қағып алу", - дейді ҚР Ойын бизнесі саласындағы азаматтардың құқығын қорғау қауымдастығының басшысы Бадри Шаинидзе.

Расында да, қазір ойнауға деген мүмкіндік көбейіп кеткен. Кезінде салпаңдап арнайы мекемеге барып бәс тігетін болсаң, қазір жай ғана компьютерде ойнай бересің. Мұнда букмекер кеңселерден бастап, онлайн казиноға дейін бар. Керекті сілтемеге кірсең жеткілікті. Былайша айтқанда, ерік-жігерің әлсіз болса, санаңмен кіріп кетуің бір-қ сәтте. Ал одан байып кеткендерден гөрі, барынан айрылғандар өте көп.

Қазақпарат