фото: abai.kz
Әзербайжанда түркі елдерінің І Халықаралық театр фестивалі өтті.
Түркістан музыкалық драма театрының әртістері Бакуде «Қорқыт туралы аңыз» спектаклін сахналаған. Би ырғағымен айрықша мәнерде ұсынылған қойылым көпшілік көрерменді тәнті етті.
Ұлы ойшыл Қорқыт ата мұрасы күллі түркі жұртына ортақ. Сондықтан данышпанның дүниетанымы мен мұрасы, өмір сүрген кезеңінің ақиқаты мен аңызы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Сырлы саз бен шебер қимыл үндескен «Қорқыт туралы аңыз» спектаклін әзербайжандықтар мен фестивальға қатысушылар ерекше ықыласпен қабылдады.
Айнұр Көпбасарова, Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі: -
Қорқыт бабамыздың қалдырған өзіндік тарихи жәдігерлерінің өзі бізге әлі күнге дейін аңыз болып келе жатыр. Қорқыт бабамыздың жәдігерлері Дрезденде және Ватиканда сақтаулы. Бұл жерде «Мен және Менікінің» ортасын таба алмай жүрген аласапыран замандағы адамдарға берілген бір сұрақтың жауабы шығар деп ойлаймын.
Негізі бұл спектакльдің көрермен назарына ұсынылғанына 1,5 жылға жуықтаған. Жас әртістерден құралған шығармашылық ұжым осы жолы Францияға шақырту алды. Одан кейін Мәскеу сахнасын бағындырмақ.
Сабыр Мамедов, Әзербайжанның халық әртісі:
- «Қорқыт туралы аңыз» қойылымы менің көңілімнен шықты. Балет труппасы да, әуен де ерекше әсерге бөледі. Басқа ешқандай эффект қосылмай, би арқылы ғана сахналанса да, мән-маңызы ерекше қойылым болды. Өте ризамын.
Тимур, Самарқан облыстық драма театрының өкілі: - Өте керемет көрініске куә болдық. Ермек Аманшаевтің бұл туындысын бүкіл әлем көруі керек. Өз басым қатты тәнтімін. Түркі елдерінің І Халықаралық театр фестивалі Әзербайжан қайраткері Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл және «Түрксой» ұйымының құрылғанына 30 жыл толу мерейтойларына арналды.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через